«Асқақ рухты Әулиеата» атты поэзия кеші өтті
Шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты
К. Әзірбаев атындағы облыстық филармониясында «Асқақ рухты Әулиеата» поэзия кеші өтіп, республикалық әдеби байқаудың жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мерекелік кешке Қазақстанның белгілі өнерпаздары, әдебиет майталмандары, сондай-ақ жас таланттар қатысты. Поэзия кешінде ұлттық өнер мен Шығыс шайырларының шығармашылық мұрасы үндесіп, жыр мен әннің үйлесімі арқылы көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Жиында елге белгілі ақын, Қ.Р. Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, «Тарлан-Үміт» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Жүсіпбек Қорғасбек, жерлес ақын Маралтай Райымбек сөз алып, өлеңдерін оқыды.
Сонымен қатар, кеш соңында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Асқақ рухты Әулиеата» атты әдеби-мәдени байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Атап айтқанда, «Поэзия» номинациясы бойынша К. Әзірбаев пен Ж. Жабаев атындағы жүлде қос ақын Нұржан Қуантай мен Ерлан Жүніске берілді.
Жазушы Болатбек Төлепберген «Проза» номинациясы бойынша Б. Момышұлы атындағы, жазушы, драматург Нұрғали Ораз «Проза» және «Көркем аударма» номинациясы бойынша Ш. Мұртаза атындағы, журналист, сатирик Бақытжан Әлімқұлов «Сатира жанры» номинациясы бойынша Ш. Смаханұлы атындағы, жазушы Ырысбек Дәбей «Проза» номинациясы бойынша Н. Дәутайұлы атындағы, ақын, драматург Иранбек Оразбаев «Драматургия» номинациясы бойынша А. Бекбосын атындағы жүлдеге ие болды.
Сонымен бірге «Жыр-терме» номинациясы бойынша Ә. Желдібаев пен А. Бетбаев атындағы жүлдені ақын, сазгер Жанатбек Тұрғымбай мен ақын Бауыржан Жақып еншіледі.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаздарға диплом мен қаржылай сертификат (1 млн. теңге) берілді.
Айта кетейік, республикалық әдеби-мәдени байқауға жалпы саны 77 үміткер 9 номинация бойынша өздерінің шығармаларын ұсынды. Түрлі жанрда жазатын ақын-жазушылардан жалпы 114 шығарма түскен.