Асарлатып салынған тағы бір тұрғын үй пайдалануға берілді
Асарлатып салынған тағы бір тұрғын үй пайдалануға берілді
Игі істің ел ішінде қайта жанданып, мұқтаж кісілерге, жетімдер мен жесірлерге, аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасыларға шарапаты тие бастағаны елдігіміздің сипаты болғаны анық. Байзақ ауданы Кеңес ауылында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында кезекті үшінші тұрғын үй пайдалануға берілді.
Бұдан соң шашу шашылып, келген меймандар жалпы аумағы 75 шаршы метрді құрайтын төрт бөлмелі тұрғын үймен танысты. Онда ауыл тұрғындарының демеушілігі есебінен қажетті екі дана төсек пен үй жиһаздары сатып алынған.
Үй иесінің інісі Тайұзақ аға өзінің жүрекжарды лебізін жеткізіп, айтулы шараға ұйытқы болған 1983 жылғы мектеп түлектері мен ауылдастарға деген алғысын білдірді.
Салтанатты шара соңында тұрғын үй құрылысын салуға белсене атсалысқаны үшін 1983 жылғы түлектер Нұрболсын Танаев, Жансерік Аубакиров, Әділ Бестерекбаев, Сапарғали Остенов, Талап Абиев, Таубек Тыныбаев, Ержан Момынов, Расылхан Райымқұлов, Ардақ Тілепбергенов, Ербол Мамековке аудан әкімінің Грамотасы мен аудандық мәслихаттың Алғыс хатын аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов пен аудандық мәслихат хатшысы Нұржан Тлепов табыс етті. №3 орта мектеп ұжымы, ауыл қариялары мен белсенді азаматтар Көптерек ауылы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Кеңес ауылы жастарының игі істері өзге де елді мекендерге үлгі болады деген сенімдеміз.
Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
Байзақ ауданы