«Қауіп төнуі мүмкін». Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары талқыланды

Жиында бірқатар елдімекендерге қауіп төніп тұрғаны айтылды
Бүгін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының отырысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары талқыланды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Басқосуға партияның облыстық филиалы аппаратының қызметкерлері, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі, төтенше жағдайлар департаментінің басшысы және осы салаға жауапты департамент басшылары, «ZOOM» арқылы қала және аудан әкімдерінің жауапты орынбасарлары мен партиялық бақылау комиссиясының төрағалары қатысты.
Жиында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы және облыс көлемінде көктемгі су тасқынының алдын алу, болдырмау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы қаралды.
Бұған дейін «AMANAT» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшелерінен құрылған жұмысшы топ облыста көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеген. Осы жөнінде партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Алпамыс Қазыбаев баяндама жасап, зерделеу жұмыстарының нәтижесін айтты.
Сонымен қатар жиында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Молдашевтың аймақтағы су қоймаларын жөндеу жұмыстары бойынша есебі тыңдалды.
Бүгінгі күні облыс аумағында су тасқыны қаупі бар аймақта 178 152 адам тұратын 42 елді мекен орналасқан. Дегенмен, төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары Руслан Орынбеков қазір Жамбылда су тасқыны жағдайы тұрақты екенін айтады.
Жиын соңында бақылау комиссиясының мүшелері күн тәртібіндегі мәселе бойынша жауаптыларға нақты сауал қойып, айтып келмейтін табиғат тосынының алдын алу жұмыстары нәтижелі болуы керектігін ескертті. Сондай-ақ отырыста қаралған мәселе бойынша қаулы қабылданды.