Жамбыл жаңалықтар

«Ауыл аманаты», су мәселесі мен театр құрылысы: Қоғамдық кеңесте тағы қандай мәселелер талқыланды

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Жамбыл облысындағы бірқатар проблемаларды атады

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев облыстық қоғамдық кеңестің мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды jambylinfo.kz

Ербол Қарашөкеев атап өткендей, қоғамдық кеңес облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті мәселелер мен маңызды жобаларды үнемі назарда ұстайды. Оның айтуынша, қазір Жамбыл облысында бірқатар жаңа бастамалар іске аспақ.

Сондай-ақ, жиында кеңес мүшелері өңірдегі бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, кеңес мүшесі Темірхан Әбілековтың айтуынша, қоғамдық кеңес табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұсынған аква өсіруге қаржы бөлуді бөгеген. Өйткені, өткен жылы осы салаға жұмсалған 286 млн теңге қала маңында дайын балықты сататын «алып сатарлардың» қалтасына кеткен. Бұл мониторинг жұмыстары нәтижесінде анықталыпты. Сол үшін алдағы уақытта балық шаруашылығын дамыту мақсатында аймақтағы ірі су айдындарын тиімді пайдалануды ұсынды.

Ал, Қоғамдық кеңес мүшесі Дамир Ташқараев су үнемдеу мәселесін айтты. Оның сөзінше, Жамбыл облысында тәулік бойы су ағып тұратын ұңғымалар саны көп. Сондықтан тіршілік нәрін ысырып етпеу үшін сол ұңғымаларды қолға алу керек деп санайды кеңес мүшесі. Сондай-ақ, жиында мәдениет саласындағы проблемалар айтылды. Атап айтқанда, кеңес мүшелері облыстың қазақ және орыс театрларына жеке ғимарат керек екенін айтқан.

 


Мағжан Орынбасар