Ауыл шаруашылығы саласына 35,3 млрд теңге инвестиция тартылды
Бұл туралы облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы айтты
Биыл Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 29,1 млрд теңге субсидия игеріліп, 35,3 млрд теңге инвестиция тартылған
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, мемлекеттік қолдау нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 458,5 млрд теңгені құраған. Осылайша өңіріміз асыраушы сала бойынша республика көлемінде 6 орынға тұрақтады.
Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылы 3,2 млрд теңгеге 437 жоба қаржыландырылған.
Ал, Талас ауданы бойынша есепті кезеңде аудандағы мал басының саны артқан. Бүгінгі күні ауданда мүйізді ірі қара – 30020, қой-ешкі – 325929, жылқы – 17813, түйе – 2168, шошқа – 172, үй құстары 35567-ні құрап отыр.
Сонымен қатар биылғы жылға 519 гектар егіс көлемін тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісімен және лазерлі тегістеуішпен егу көзделген.
Жуалы ауданы — ауыл шаруашылығын негізгі тірек еткен, егін және мал шаруашылығы қатар дамыған өңірлердің бірі. Соңғы жылдары ауа райының тұрақсыздығы мен құрғақшылық жағдайларына қарамастан, аудан шаруалары табандылық танытып, жоспарлы жұмыстарды жүйелі түрде орындап келеді.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 40 374,0 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,7 пайызға жетті. Бұл нәтижелер аудандағы шаруашылықтардың жүйелі жұмысы мен агротехникалық талаптардың сақталуының арқасында мүмкін болған.
Жер өңдеп, сала жұмысын жеңілдету ісінде ауыл шаруашылығы техникаларының маңызы зор деп айтуға болады. Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қатысатын ауыл шаруашылығы техникаларының саны – 730 бірлікті құраған. Оның ішінде, 369 дана доңғалақты трактор, 127 дана соқа, 149 қопсытқыш, 60 дәнсепкіш, 5 дәнулағыш және 20 дана басқа да техникалар бар. Ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңартуға келсек, биылғы жоспар – 104 дана (1 комбайн, 44 трактор, 59 тіркеме). Бүгінгі күнге жалпы сомасы 393,5 мың теңгеге 58 жаңа техника сатып алынды (23 трактор – 275,1 миллион теңге, 35 тіркеме – 118,4 миллион теңге). Орындалуы 5,8 пайыз.