Аймақ басшысы «Геопортал» ақпараттық жүйесін құру ісін жеделдетуді тапсырды
Аймақ басшысы «Геопортал» ақпараттық жүйесін құру ісін жеделдетуді тапсырды
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен «Геопортал» ақпараттық жүйесін қалыптастыру мәселесі жөнінде кеңес өтті. Облыстың өңірлік геоақпараттық жүйесін құру сөз болған жиында Тараз қаласы мен облыстағы он ауданның жер учаскелері мен жер кезегі туралы ақпарат, инженерлік коммуникациялар, ғимараттар мен құрылыстар, көше-жол, инженерлік желі секілді маңызды мәліметтерді геоақпараттық порталға орналастыру мәселесі талқыланды.
Белгілі болғандай геопартал жүйесін құрудағы істің алға жылжымауы тиісті министрліктердің арнайы ережелерді енгізуді кешеуілдетуі себеп болып отыр екен. Сондай-ақ геопартал жүйесін енгізу мәселесі Үкіметте арнайы қаралып жатқан көрінеді. Басқосуда баяндама жасаған облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Абдешов бүгінде «Геопорталдың» негізгі «e-jambyl.kz» домендік атаумен платформаcы қалыптастырылып, онда бірыңғай талапқа сай барлық базалық гис-қабаттар енгізілгенін сөз етті. Басқарма басшысының айтуынша, жалпы, қазіргі уақытта, «Геопорталдың» дайындығын есептеу әдістемесі негізінде өңірлік геоақпараттық жүйені әзірлеу жұмыстары 97,4 пайызды құрап, Республика деңгейінде 4 орында тұр. Аталған көрсеткіш инженерлік желілер толық өңделіп, цифрландырылғаннан кейін 100 пайызды құрайтын болады. «Геопортал» ақпараттық жүйесінің негізгі құрылымы бекітілген бірыңғай талапқа сай толық әзірленген. Сондай-ақ жиында облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Архат Байқазақовтың, облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновтың есебі тыңдалды.