Аймақта 538 дәрігерден құралған 214 мобильдік топ жұмыс істеуде
Аймақта 538 дәрігерден құралған 214 мобильдік топ жұмыс істеуде
Облыста COVID-19 және пневмониясы бар пациенттерді амбулаториялық бақылауға алып, оларға қажетті жедел емдеу жұмысын жүргізу үшін 538 дәрігерден құралған 214 мобильдік топ жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев облыс әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында өткен тікелей эфир барысында баяндады.
– Әрбір мобильдік топ әкімдіктер, демеушілер тарапынан тиісті автокөліктермен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, халыққа алғашқы медициналық көмек көрсету мақсатында облыс бойынша 116 мектепте медициналық кабинеттер ашылып, қазір онда 136 медициналық қызметкер халыққа қызмет көрсетуде.
Қазіргі таңда аталған медициналық кабинеттер 1 ай ішінде 8837-ге жуық адамды қабылдап, тиімділігін көрсетіп отыр. Аталған шараның тиімділігі – алғаш сырқат белгілері бар тұлғаларға жедел жәрдем көрсетіп, оның асқынуына жол бермей, алдын алып, дұрыс емделу тәртібін орнату болып табылады, – деді облыс әкімінің орынбасары.