Қайтарылған активтер есебінен шалғайдағы ауыл ауызсумен қамтылды
Жамбыл ауданының орталығынан шалғай жатқан шағын елді мекен – Жаңаөткел ауылына таза ауызсу берілді.
Бұл жоба прокуратураның қайтарылған активтерінің есебінен жүзеге асты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ауыл болып аталғалы жерасты суын пайдаланып келген жаңаөткелдіктер үшін бұл үлкен қуаныш.
Тұрғындарды қуанышымен Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы құттықтады.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, Жаңаөткел ауылынан бөлек ауданға қарасты Жұма, Өрнек ауылдары да ауызсумен қамту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, жыл соңына дейін өңір толық ауызсумен қамтылатынын атап өтті.
Аядай ауыл мемлекет назарынан тыс қалмағанын айтқан ауыл ақсақалы Кендебай Оңғарбаев алғысын білдірді. Ауыз су жүйесінің құрылысына мемлекеттен 379 млн 236 мың теңге қаржы қаралған. Құрылысты «Пырақ - Құрылыс» ЖШС қолға алып, бүгінде 75 үйдің ауласына ауызсу құбыры тартылып отыр.