«Ғажайып оқиға мен аңыз-әңгімелер». Жамбылға саяхатшыларды тарту жұмысы енді «қара туризм» бағытында жүзеге асады
Басқарма басшысының сөзінше, өңірде аталған саланы дамыту тетігі аз
Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев аймақта тоқырап қалған туризм саласын «тірілту» үшін жұмыс қай бағытта жалғасатынын айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сейсебаевтың сөзінше, бұған дейін жасалып келген туристік орындарды инфроқұрылым желілерімен қамту жұмыстары алдағы 2 жылда бітеді. Бұдан кейінгі жұмыс «қара туризм» бағытында жалғасады. Яғни, «ғажайып оқиғалар мен тарихи әңгімелерді дәріптейміз» дейді басқарма басшысы. Өйткені, аталған саланы дамыту тетіктері облыста аз.
Бұл үшін туризм саласындағы «Тараз-туризм» ақпараттық орталығының жұмыс істеу форматы өзгертіліп, менеджмент және маркетинг бағыты қосылған. Сонымен қатар бюджеті 10 есеге көбейген. Осылайша басқарма аңыз әңгімелерді насихаттауға көңіл бөлмек. Ол үшін келесі жылы 10 ауқымды іс-шара өткізілмек.
Басқарма басшысы туризм саласына инвестиция салу белсенділігі артқанын атап өтті. Осылайша 6 туристік объект іске қосылған. Оның ішінде тау шатқалдарында орналасқан «Көксай», «Алмалы» демалыс аймақтары, Тараз қаласында ашылған «Zerbulaq» аквапаркі сияқты ірі туристік аймақтармен қатар, қонақ үйлер, жол бойындағы сервистік кешендер саны артып отыр.
Айта кетейік, биыл облысқа 151 110 турист келген. Саяхатшылар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 138 % -ға артқан. Оның ішінде 2 471 шетелдік, 148 639 еліміздің басқа өңірлерінен келген туристер.