"Ғазиз Байтасовты үлгі тұтамын". Небәрі 10 секундта автоматты бөлшектеп жинаған жамбылдық оқушы қыз елді тәнтті етті (Видео)
Алина Әбдубекова Байзақ ауданы, Бурыл ауылы №6 орта мектебінің 10 сынып оқушысы
Жамбыл облысы Байзақ ауданы, Бурыл ауылы №6 орта мектебінің 10 сыныбының оқушысы Алина Әбдубекова автоматты 10 секундта бөлшектеп, жинай алады. Небәрі бір жылда шеберлігін шыңдаған қыз полиция қызметкерлерін таңқалдырып отыр. Jambylinfo.kz Алина Әбдубековаға хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан еді.
– Алина, автоматты 10 секундта бөлшектеп, жинау қыз баласы үшін оңай емес. Сен мұны қайдан үйрендің?
– Мен әскери дайындық сабағына қатысып жүргеніме 1 жылдың ғана жүзі болды. Бұл пән бізге биыл енген. Осы уақыт аралығында автоматқа деген қызығушылығым оянды. Бірден үйреніп алдым. Иә, автоматты санаулы секундта шашып, қайта жинау оңай емес. Бірақ оған қызығушылық пен ынта болса, тез-ақ үйреніп алуға болады.
– Алина, отбасыңда әскери я ішкі істер саласында жұмыс істейтін адам бар ма?
– Анамның айтуы бойынша біздің әулиетте полицияда жауапты қызмет еткен кісілер болған екен. Арғы атам Нұртаза Имаешев осы салада ұзақ жылдар абыройлы еңбек еткен.
– Болашақта атаңның жолын қуғың келмей ме?
– Маған алғашқы әскери дайындық пәні өте ұнайды. Бірақ, кішкентайымнан робот құрастырғанды да жақсы көремін. Роботтехника саласында үлкен жетістікке жетсем деп армандаймын. Алайда, болашақта қандай маман иесі болатыным белгісіз. Әлі ойланып жүрмін.
– Өмірде сен үлгі тұтатын тұлға бар ма?
– Бар. Ол Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасов. Марқұм Ғазиз ағамыздың өшпес ерлігін өскелең ұрпақ білуі тиіс деп санаймын.
– Сұхбатыңа рақмет! Саған оқуда тек қана сәттілік тілейміз!
Еске салайық, кеше Байзақ ауданының Бурыл ауылындағы №6 орта мектеп базасында ҚР ІІМ бастамасымен құқық қорғау бағытындағы “Жас сақшы” кадет сыныбы ашылып, оған Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімі берілді. Бұл сынып қосымша білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істейді және онда осы мектептің 8-11 сынып оқушылары білім алады.
Видеоға сілтеме: https://youtube.com/shorts/7JM36lEcXN8?si=WjAAzzQ5NZaxFeNV