Жамбыл жаңалықтар

Бүгін Сарысуда облыстық «Маралтай оқулары» байқауы өтті

Іс-шараға өзге өңірлерден белгілі қаламгерлер арнайы келді

Бүгін Сарысу ауданында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ақын Маралтай Райымбекұлының шығармашылығын насихаттау, жас ақындарға рухани қолдау көрсету, таланттар мен дарындарды тану, олардың шығармашылық қабілеттерін анықтау мақсатында «Маралтай оқулары» атты облыстық байқау өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Байқауға елімізге танымал мәртебелі меймандар, зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары мен жастар қатысып отыр. Шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов арнайы келіп, байқаудың ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқып берді.

Байқауға облысымыздың жас ақындары қатысып бақ сынады.

Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, журналист, "Түркістан" газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажан, журналист, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Оралхан Дәуіт, ҚР Жазушылар Одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыстық "Ақ жол" газетінің бас редакторы Хамит Есаман және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ақын Маралтай Райымбекұлы әділқазылық етті.

Байқау қорытыныдысы бойынша шын мықтылар анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.