Бүгін Жамбылда мыңға жуық полиция қызметкері қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті
Бұл іс-шара білім күніне арнайы жасалды
Білім күні мыңдаған оқушы мектеп табалдырығын аттады. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері дәстүрлі түрде күшейтілген қызмет режиміне көшірілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бірінші қыркүйек күні Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшылығы мен қызметкерлері мектептердегі салтанатты жиындарға қатысып, сынып сағаттарында профилактикалық әңгіме жүргізді. Сұқбат барысында олар оқушылар мен ата-аналарға жол ережесін қатаң сақтау туралы ескерте келе, жаңа оқу жылына сәттілік пен жоғары жетістіктер тіледі. Ал оқушылар патрульдік полиция көліктерімен естелікке суретке түсіп, оның ішкі жағдайымен танысты.
Сонымен қатар, салтанатты шараға «Халық қаһарманының» ұлы Әділжан Байтасов және облыстық қоғам қайраткерлері де қатысып, балаларға жол ережесін сақтаудың маңыздылығы туралы түсіндірді.
Сондай-ақ, жаңа оқу жылы қарсаңында полиция қызметкерлерімен барлық оқу орындарының қауіпсіздік жағдайы тексеріліп, мектеп айналасындағы жол жүру техникалары, жасанды кедергілері, жаяу жүргіншілер жолағындағы белгілер жаңартылып, орнатылды.