«Бүгінгі таңда судан келер қауіп жоқ». ТЖД өкілі Жасөркен ауылындағы қазіргі жағдай туралы айтты
Күні кеше толассыз жауған жаңбыр мен көлбеу ағындардың пайда болуы салдарынан Жамбыл ауданындағы Жасөркен ауылында 30-дан астам ауланың аумағы су астында қалды. Бүгін облыстық ТЖД бастығының орынбасары ауылдағы жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
ТЖД бастығының орынбасары Руслан Орынбековтың сөзінше, қазір оқиға орнында қажетті техника жұмылдырылып, су сорылып жатыр.
Айта кетейік, Жамбыл облысының барлық су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Олардың толып кету қаупі жоқ. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметіаймақтағы барлық су қоймалары штаттық режимде жұмыс істейтінін, олардың толып кету қаупі жоқ екенін растап отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеуінде су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылғанын айтқан еді.
Сондай-ақ Президент өз сөзінде апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет екенін айтып, Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс екенін жеткізген еді.