Бұзылған іргетас: Шу әкімдігі мердігер мен соттасуда
Миллиардтан астам қаржы бөлінген құрылыс нысаны талапқа сай болмай шықты.
Шу қаласында салынуы тиіс тұрғын үйдің іргетасы жарылып, ғимаратты толықтай бұзу туралы шешім қабылданды. Мәселе «Жетісу» шағынауданында бой көтеруі тиіс 80 пәтерлі бес қабатты №1 тұрғын үйге қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жалпы, мұндағы құрылыс жұмыстары 2024 жылдың маусым айында басталғанымен, нысан белгіленген мерзімде пайдалануға берілмеген. Тексеру барысында бірқатар олқылықтар анықталған. Ал жобаны жүзеге асыру үшін мердігер компаниямен шамамен 2 миллиард теңгеге келісімшарт жасалған. Алайда нысанның іргетасын құю кезінде мемлекеттік құрылыс талаптары сақталмапты. Салдарынан арнайы комиссия нысанды бұзу жөнінде шешім қабылдаған.
Айта кетейік, қазіргі таңда сот шешімі негізінде мердігерден қаражатты өндіріп алу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Сонымен қатар қосалқы мердігер өз қаражаты есебінен 68 миллион теңгеге жұмыс атқарып үлгерген. Бұл жұмыстар тиісті тәртіппен қабылданған.
Еске салайық, аталған аумақта жалпы үш тұрғын үй салу жоспарланған. Десе де, бірінші нысан толық аяқталмайынша, қалған үйлердің құрылысын жүргізуге облыс тарапынан рұқсат берілмей отыр.
Бұл күнде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 15 мыңға жуық азамат тұрғанын ескерсек, құрылыс жұмыстарының бұлай созылуы сол мыңдаған адамның қуанышын су сепкендей басылуына итермелеуде. Оның үстіне кезекте тұрғандардың басым бөлігі әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар.