Жамбыл жаңалықтар

Бағдарлама аясында баспаналы болды

Бағдарлама аясында баспаналы болды

Қазіргі таңда елімізде «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы жүйелі түрде іске асырылып жатқаны белгілі. Оның мақсаты – ауылдық аймақтарда дәрігер, мұғалім, инженер, ауыл шаруашылығы мамандары және осы аумақтар үшін қажетті өзге де жоғары оқу орны түлектеріне деген қажеттілікті жою. Жастарды ауылға көптеп тарту мақсатында іске асырылатын бағдарлама көптеген жастарға шапағатын тигізуде. Сондай маманың бірін біз Қарасаз ауылындағы А.Пушкин атындағы орта мектептен кездестірдік. Аталған білім ошағында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Несібелі Махаева бағдарлама аясында баспаналы болған.

Несібелі Тараз қаласының тумасы. Тараз қаласындағы №45 мектеп-гимназияның түлегі. М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің көпсалалы колледжін екі шет тілі факультеті бойынша тамамдаған. Одан кейін білімін Тараз инновациялық-гуманитарлық  унверситетінде жалғастырып, жоғары оқу орнының дипломын қолға алған.

-Көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Алдымда төрт ағам бар. Әкем біраз жылдар бұрын өмірден озды. Ал, анам Қыдыркүл қайда жүрсем де амандығымды тілеп отырады, - деп бастады әңгімесін Несібелі. -  Өмір болған соң әртүрлі тағдыр болатыны сияқты, менің тағдырым да оңай болмады. Ерте тұрмыс құрып, отбасындағы жағдайға байланысты екі баламен ерімнен ажырасып кеттім. Содан қолыма диплом алған соң, Жуалы ауданына келдім. Бұл уақытқа дейін қаладағы қарбалас өмірге үйренген маған ауылдың тіршілігіне үйренісу оңайға соқпады. Екі баламды қолыма алып, алғаш келгенде ауданның тоғыз мектебін аралып шықтым. Ешқайсысы жұмысқа алмады. Осылайша шар құрып жүрген кезімде А.Пушкин атындағы орта мектептің директоры Нұриддин Нұрғабылов мені бірден жұмысқа қабылдады. Бұл 2015 жыл болатын. Содан небір қиын күндер басымнан өтті. Оның бәрі қазір ертегі секілді. Алла сынақ берді, оған төтеп бердік. Ауыл адамдарының бауырмалдығы, жанашырлығы менің осында тұрақтап қалуыма септігін тигізді.

Ұжымда жұмыс істеп жүрген кезде «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы туралы естіп, білдім. Ести сала бірден құжаттарымды жинап, жауапты мекемелерге тапсырдым. Олар құжатымды қарап, бағдарламаға ілінгенімді айтып, хабарласты. Бұл да бір естен кетпес сәт еді. Содан бағдарлама аясында 3 млн 200 мың теңге алып, Қарасаз ауылынан үй сатып алдым. 130 мың теңге көлеміндегі көтерме ақысына қажетті дүниелерді сатып алып, жайғастырдым.

Үкімет тарапынан берілетін мұндай көмек мен сияқты жастарға үлкен демеу. Бір сөзбен айтқанда, аяғымыздан нық тұруымызға жәрдемі өте көп екен. Оны өз басым жақсы сезіндім.

Шын мәнінде бұл қасиетті мекен мені бауырына басып, өмірден өз орнымды табуыма көмегін тигізді. Адамдары да жылы қабылдап, жас маман ретінде маған сенім артты. Мен берекелі Жуалы жерінің қасиетті топырағынан нәр алып, ауасынан тыныс алып, балаларым Диас пен Сабираның бақытты балалық шағы үшін күрестім. Балапандарым үшін бар қиындыққа төтеп бердім.

Несібелі өмірден көрген қиындыққа табандылық таныта білді. Жат жерге келіп, жатсынбай сіңісіп, ауылдың балаларына білім мен тәрбие берді. Ата-аналар да оған алғысын жеткізіп, жас маманның қалыптасуына жәрдемші болды. Еңбек жолында ұжымда әріптестерімен жақсы тіл табысып, жетістіктері мен білім нәтижелерін көрсете бастады. Мәселен, ол жалпы орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтары мен ЖОО оқытушылары арасында өткен «Ағылшын тілі пәнінің үздік мұғалімі-2019» атты республикалық байқауының жеңімпазы атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталады. «Тіл – тұнық ойдың кәусары» атты аудандық байқауға қатысқаны, жастар саясатына белсенді араласқаны үшін Алғысхаттар иеленген. Сонымен қатар, түрлі конференциялар мен жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінеді. Шәкірттері де ұстазынан алған білімдерін байқатып, жақсы көрсеткіштер көрсетеді.

-Үш тілді оқыту – заман талабы. Үштілділік бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. Ана тіліміз – қазақ халқының жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгі. Ана тілі – әр адамға ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған, атадан балаға жетіп отырған мирас, ұлы күш. Сол себепті тілге деген құрмет әр азаматта болуы керек. Ал, үш тілді білу бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр. Әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды деп санайды. Сондықтан да біз де өз халқымыздың, еліміздің қарыштап дамып, өркениетті, дамыған елдер қатарынан қалмау үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлейтін, жаза білетін маман ғана бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз.

Осы ретте, мектепте алғашында жоғары сыныптарда сабақ бердім. Кейіннен ата-аналардың өтінішімен бастауыш сыныптарды алып, қазіргі таңда балаларға тілді үйретудеміз. «Жеті түрлі білім біл, жеті жұрттың тілін біл» демекші, еліміздің болашағы жастар тілді білсе, нұр үстіне нұр. Әрине, ана тілді ұмытпауы керек. Ана тілін құрметтей отырып, өзге тілді де меңгергені абзал.

Жас маман ретінде менің түсінгенім, адам тәжірибе жинақтау арқылы алға ұмтылады. Алған біліміңді тәжірибе жүзінде ұштастырып, қолдана білген жөн. Мектептің өмірі ең қызықты шақтар. Балалармен бірге жұмыс істеген өте қызық. Олармен дос болып, бір жылы сөзіңді арнасаң, ол бала міндетті түрде сабақты жақсы оқитын болады. Балаға ұстаз дос бола білуі керек. Бірде маған бір оқушым «неге бізге барлық сабақтан бір мұғалім бермейді, неге мен сіздің сабағыңызды оқуым керек?» деген сауал жолдады. Бұл баланың ойынан әр баланың зейіні, бейімділігі әртүрлі екенін аңғарамыз. Әр пәнге баланың  қызығушылығы әртүрлі. Сондықтан баланың пәнге деген қызығушылығын ояту үшін ұстазда біліктілік, жан-жақтылық, жаңашылдық болуы керек, - дейді жас маман Несібелі.

 Алдағы уақытта ауылдың тыныс-тіршілігіне бейімделген ол мал шаруашылығымен айналысуды көздеуде. Бұл әзірге жоспар ғана.

Жуалы жеріне келіп, еңбек етіп жүрген Несібелі өмірлік серігін Ақбастау ауылынан кездестірді. Биыл көктемде ақбастаулық Мұқасан есімді азаматпен отау құрып, үшінші перзентін күтуде.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

Жуалы ауданы