Жамбыл жаңалықтар

«Бала махаббат»: Мамандар жасөспірімдер арасындағы суицидтің себебін атады

Былтыр Жамбылда 246 суицид тіркелді

Бүгін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңес отырысы өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиында бірінші қаралған тақырып – жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік мәселесі. Бұл бойынша білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Әбілдаева баяндама жасады. Оның сөзінше, облыс бойынша кәмелетке толмаған  434 675  жасөспірім болса, соның 211 579-ы қыз бала. Былтыр аймақта ерте жүктіліктің 193 жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 62-ге аз. Осылай деген басқарма өкілі қатерлі жағдайдың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды. 


Бұдан кейін денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а Ерік Мұсабаев сөз алып, өңірдегі суицид көрсеткіштеріне тоқталды. Былтыр өңірде 246 суицид дерегі тіркелген. Оның 164-і өліммен аяқталыпты. Ерік Мұсабаевтың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау деректері бойынша талдау жасалады. 


Кеңес мүшелері баяндамашыларға жастар денсаулығы орталығының жұмысы, суицид пен ерте жүктіліктің алдын алу шаралары бойынша бірқатар сұрақтарын қойып, ұсыныстарын да айтты. 
Басқармалардың басшылығы қойылған сауалдарға облыс көлемінде атқарылған жұмыстарды негізге ала отырып жауап берді. Осы орайда кеңес төрағасы Махметғали Сарыбеков жасөспірімдер арасындағы қауіп-қатердің алдын алу шараларын заманауи тәсілдер арқылы жүргізгенде ғана нәтиже болатынын атап өтті. 


Жиын «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловтың сөзімен қорытындыланды. Осылайша күн тәртібіндегі 2 мәселе толығымен қаралды. Кеңес төрағасы Махметғали Сарыбеков қабылданған ұсынымдарды орындау бойынша тиісті мекемелерге арнайы хат жолданатынын жеткізді.