Балалар кез келген жерде өздерін қауіпсіз сезініп, ойларын ашық айтуы керек – Ербол Қарашөкеев
Облыс әкімі әлімжеттік көрген балаларға көмектесу үшін бірыңғай сенім телефонын іске қосуды тапсырды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі отырыс барысында өңірдегі жұмыстың қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды jambylinfo.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Облыс әкімі мектептің рейтинг жүйесі туралы ережені қайта қарауды тапсырып, жергілікті жерлерде мектеп әкімшілігінің тарапынан болған заң бұзу фактілерін уақтылы анықтауға және жедел ден қоюға ынталандыру талап етілетінін атап өтті. Сондай-ақ жауапты тұлғаларға әлімжеттік көргендерге көмек көрсету үшін бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және оқушыларды жаңа қызметтің жұмысы туралы кеңінен хабардар ету тапсырылды.
Облыс әкімі учаскелік полиция инспекторларының профилактикалық жұмысының тиімділігін арттыру, білім беру мекемелерінде, оның ішінде, мектеп-интернаттарда бейнебақылау камераларының санын көбейту, оларды полиция департаментінің жедел басқару орталықтарына қосу міндетін қойды.
Өңір басшысы білім беру мекемелерінде психологиялық қызметті күшейтудің және мектеп психологтарының біліктілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, облыс әкімі өңірдегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы тиісті органдардың жұмысына қанағаттанарлықсыз деген баға берді. Ол әлеуметтік желілерде мектептердегі мәселелерге қатысты шағымдардың саны артқанын, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың 3,8 пайызға өскенін атап өтті.
Қарашөкеев атап өткендей, жазатайым оқиғалардың көпшілігі сабақтан тыс уақытта болады. Сондықтан балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамытуда ата-аналармен өзара әрекеттесуді күшейту маңызды.
Отырыста ҰБТ-ға дайындау және өткізу, жазғы демалыс кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру, лагерьлерде, шомылу маусымы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Сондай-ақ аймақ басшысы мектептерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударды. Биыл өңірде білім беру саласын қаржыландыруға 320,5 млрд теңге бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 53 пайызын құрайды (2023 жылы 282,8 млрд теңге).
Сонымен қатар Ербол Қарашөкеев қысқа мерзімде лицензиясыз жұмыс істеген үш мектепке қатысты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл өңір мектептерінің заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру бойынша мониторинг барысында анықталды.
Жиында облыстық білім басқармасы басшысы мен орынбасарларының, бірқатар аудан әкімдерінің, полиция департаменті басшылығының есептері тыңдалды.
Айта кету керек, Мемлекте басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар қауіпсіздігі ісіне ұдайы көңіл бөлуді, балалар құқығын қорғау жүйесін нығайтуды тапсырған еді.