Жамбыл жаңалықтар

Байзақта артиллериялық снаряд шығаратын зауыт салынуы мүмкін

Байзақ ауданында алдағы жылдары экономиканың бірнеше бағытын қамтитын ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылмақ. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке басымдық берілген бұл бастамалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жүздеген тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Бұл туралы Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 
Аудан әкімінің айтуынша, 2026 жылы аудан аумағында жалпы құны 55,1 млрд теңгені құрайтын 38 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 409 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Ірі жобалардың қатарында «КНГП ВОРТЕКС ГАЗ» серіктестігінің шағын тоннажды сұйытылған табиғи газ зауыты ерекше орын алады. Кәсіпорын жылына 70 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. 
Сонымен қатар, «АЛЕЛЬ АГРО» компаниясы құрама жем зауытының өндірістік қуаттылығын арттыру мақсатында кеңейту жұмыстарын жүргізіп, құс өсіру кешендерін дамытуда.
Бұдан бөлек, ауданда сэндвич-панельдер мен газоблоктар өндіретін зауыттар, сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдейтін кәсіпорындар ашу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы бағытында томат өндіру, бұршақ дақылдарын терең өңдеу және форель балығын өсіру жобалары да іске асырылуда.
Сонымен қатар, Байзақ ауданында қорғаныс өнеркәсібіне қатысты ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі пысықталуда.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, жақын күндері инвесторлардың облысқа келуі жоспарланған. Аудан тарапынан өндіріс орындарын орналастыру үшін қолайлы бос жер учаскелері ұсынылатын болады. Аталған жобаларды толық іске асыру 2029 жылға жоспарланған.