Байзақта білім нысандары жаңаруда
Ел болашағы – білімді ұрпақ десек, сол ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау – мемлекет пен жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта ауданда жаңа білім ошақтары салынып, ескі мектептер жаңғыртылуда.
Бұл жұмыстар “Ауыл – Ел бесігі” жобасы аясында жүзеге асып отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Атап айтқанда, Дихан-2 ауылындағы 264 орынға арналған Дихан тірек мектебінде (ресурстық орталық) күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жобаның толық аяқталуымен ауыл балалары жаңарған, қауіпсіз және ыңғайлы ортада білім алуға мүмкіндік алады. Бұл – ауылдағы білім сапасын арттырып, балалардың оқуға деген ынтасын арттыратын маңызды қадам.
Сонымен қатар, Аққия ауылында 100 орындық жаңа мектептің құрылысы басталған. Мердігер – «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталып, бүгінгі күні 60 пайызға орындалған. Мектептің алдағы оқу жылдарына толық дайын болуы жоспарланып отыр.

Ал Сарыбарақ ауылындағы жаңа мектеп құрылысы өз мәресіне жетті. 100 оқушыға лайықталған бұл оқу орнының құрылысын «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС 2024 жылдың сәуір айында бастаған болатын. Қазіргі таңда нысан толық аяқталып, жаңа оқу жылына сақадай сай тұр. Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталып, пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілмек.

Айта кетейік, барлық құрылыс және жөндеу жұмыстары «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы қаржыландырылып отыр. Жоба ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды жаңарту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және білім беру жағдайын жақсартуға бағытталған.
Жаңарған білім нысандары – бұл тек жаңа ғимараттар емес, бұл болашаққа жасалған нақты инвестиция. Мемлекет қолдауы мен жергілікті биліктің жүйелі жұмысының арқасында Байзақ ауданындағы ауыл мектептері жаңарып, жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік кеңейіп келеді.