Жамбыл жаңалықтар

Байзақта жерді заңсыз пайдаланған азамат жауапқа тартылды

Қаулы заңды күшіне енді.

Жамбыл облысында жер учаскесін мақсатсыз пайдаланған азамат жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Байзақ аудандық соты мемлекеттік органның нұсқамасын орындамағаны үшін азамат Т.-ға қатысты әкімшілік іс қарады. Іс Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша қозғалған.

Сот барысында уәкілетті орган жүргізген жоспардан тыс тексеру кезінде азаматқа тиесілі 0,53 гектар жер телімі нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталған. Атап айтқанда, шаруа қожалығына арналған жер учаскесі тиісті құрылыстарымен бірге иттерге арналған баспана ретінде қолданылған.

Бұған дейін құқық бұзушыға анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілгенімен, ол талаптарды орындамаған.

Сотта азамат өз кінәсін толық мойындап, қазіргі уақытта заң бұзушылықтарды жою шаралары жүргізіліп жатқанын айтып, өзін жауапкершіліктен босатуды сұраған.

Алайда сот оның кінәсін мойындауын жеңілдететін мән-жай ретінде бағалап, ауырлататын жағдайлардың жоқтығын ескерді.

Сот қаулысымен азамат Т. кінәлі деп танылып, оған 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.