«Біттік, құрыдық»: Қазфосфат жергілікті әкімдікті не үшін «қорқытып» жүр
Аталған өндіріс орнында қазір 7 мыңнан аса жұмысшы бар
Жамбыл облысының өнеркәсіп саласындағы жалпы өнімнің 40 пайызын өндіретін «Қазфосфат» ЖШС-ның әлеуеті төмендеп барады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Кәсіпорынның технологиясы жылдан-жылға тозып жатыр. Модернизация жүргізу үшін қаржы керек. Өндіріс орнының басшылығы бұған қолдан келер қайранның болмай отырғанын алға тартады. Өйткені, минералды тыңайтқыштың бағасын өсіре алмайды. Дәл осындай бірқатар проблемалар сенаторлар қатысқан жиналыста айтылды. Парламент сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Жамбыл облысына өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша келген.
«Қазфосфат» ЖШС бас директорының кеңесшісі Батырбек Құлекеевтің сөзінше, өндіріс орнының қазіргі басты проблемасы - қалдықтарды төгетін аумақты кеңейту. Фосфогипс деп аталатын қалдықтың қоры бүгінгі күні 28 гектар аумақта 17 миллион тоннадан асады.
Мәселенің шешілуі оңайға соқпайтын көрінеді. Себебі, жергілікті әкімдік жер бергенімен, оған рұқсат беруге экология министрлігі тоңтеріс. Талапқа сай болмағандықтан ұсынысын кері қайтарған. Сөйтсек, қала әкімдігі де бұл проблеманы шешуге аса ықыласты емес екен.
Сонымен қатар, қала әкімі «Қазфосфат» басшылығы аймақтағы салық түсімі мен жұмыс орнын беруші ретіндегі әлеуетін пайдаланып, қорқытқысы келіп отырғанын да айтып қалды. Өндіріс орнында күрмеулі мәселе көп. Мұның бәрін ескерген сенаторлар елордада проблеманы жан-жақты саралап, алдағы уақытта тиісті жеріне жеткізетіндіктерін атап өтті.