Биыл Таразда 216 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді – Бақытжан Орынбеков
Қазіргі таңда 60 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр
Бүгін Тараз қаласы әкімдігінің бастамасымен баспасөз туры ұйымдастырылып, Масс-медиа өкілдері шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Алдымен тілшілер қауымы қаладағы жаңадан бой көтеріп жатқан «Балауса» (14) шағынауданында болды. Қазіргі таңда аталған шағынауданда 22 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мердігер компания бұл нысандарды уақытынан ерте бітірмек. Келісім-шарт бойынша нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары 2026 жылға өтпелі. Алайда, бұл жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Осылай деген қала әкімі Бақытжан Орынбеков тұрғын үйлердің сапасына баса мән берілгенін айтып, заманауи үлгіде салынып жатқанын жеткізді.
Шағынауданның егжей-тегжейлі жобалау жооспарына сәйкес мұнда 145 тұрғын үй, оның ішінде 64 танхаус, 81 көппәтерлі үйлер, 2 мектеп, 3 балабақша, онкологиялық диспансер, көпсалалы аурухана, профильді емхана, лицей интернаты, салтанат сарайы, инновациялық шығармашылық орталығы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, инженерлік құрылымдар, кәсіпкерлік нысандар бой көтереді.

Шаһар басшысы қала халқын тұрғын үймен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.