Жамбыл жаңалықтар

Биыл Жамбылда Президент тапсырмасына сәйкес 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды

Облыста әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге  43,6 млрд теңге бөлінген

Биыл Жамбыл облысында Президент тапсырмасы бойынша 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Биыл аймақта әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге көп қаржы бөлінген. Соған сай, нәтижесі де жаман емес. Мәселен, ағымдағы жылы  Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру»  тапсырмасы бойынша 6 мыңға жуық жұмыс орны құрылған. Жоспарға сай, әлі 8 мыңдайын ашу көзделген. 

Еркін Келесовтың сөзінше, биылғы жылы «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 67 357 жұмыс орнына жоспар бекітілген.  Оның 50 199-ы тұрақты жұмыс орны. Нәтижесінде есепті кезеңде барлығы 38961 жұмыс орны құрылып, 23527 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Осылацша жоспар 60,4  пайызға орындалған.

Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмекпен   55 423  облыс тұрғынын  қамту жоспарланып, оларға  барлығы  4,8 млрд теңге қаржы қарастырылған.

Басқарма басшысының айтуынша, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1 325 адам тартылып отыр, Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 900 адам, ақылы қоғамдық жұмысқа 259 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 100, қайта даярлау 33 адам, жастар практикасына 10 адам, кәсіпкерлік бастамаларды ілгерілетуге 23 адам болып отыр.

 Өткенге көз жүгіртсек, былтыр әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларының орындалуы 97,9%-ды құраған еді.  Осылайша жалпы порталда 27089 өтініш тіркеліп, 26512 өтініш қанағаттандырылған.

Айта өтерлігі, биыл қазақстандықтарға мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде шамамен 461,5 млрд теңге төленген.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 408,1 млрд теңге жұмсалған. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 53,4 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды

2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 541,2 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 185,7 мың адамды құрайды. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 97,5 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 64,7 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 7% - ға өсті. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін төлемдердің мөлшері де 7% - ға артты.

Мысалы, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін –  95 496 теңгені, 2-топ үшін – 76 397 теңгені, 3-топ үшін 52 089 теңгені құрайды.

2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 58 257 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 61 939 теңгені құрайды.