Биыл Жамбылда білім саласына 319,2 млрд теңге бөлінген
Сондай-ақ 10 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған
Биыл Жамбылда білім саласына 319,2 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қарастырылған қаржы аясында облыстағы мемлекеттік білім беру ұйымдары бейнебақылаумен 82,9%-ға, дабыл түймелерімен 100%-ға, турникеттермен жабдықтау 85,5%-ға, мамандандырылған күзетпен - 83,7%-ға қамтамасыз етілген.
Жекелей алғанда, 1 - 4 сыныптағы 67 мыңнан астам оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 5,6 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, қосымша 1 - 11 сыныптағы 47 мыңға жуық аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтуға 3,9 млрд теңге бөлініпті.
Білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлованың сөзінше, облыста 1239 білім беру мекемесі бар. Онда 337 мыңнан аса бала мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылып, 40 мыңға жуық педагог қызмет етуде.
Сондай-ақ ағымдағы жылы 41 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылған. Жыл соңына дейін 15 мектеп пен 4 мектептің жапсарлас құрылысы аяқталады, 2025 жылы 22 нысанның құрылысы бітпек. Нәтижесінде, оқушы орын тапшылығы бар 9 мектеп, 4 үш ауысымды, 3 ескірген, 2 апатты мектеп проблемалары шешілмек.
Басқарма басшысының орынбасары «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыс бойынша 12 мектеп салу жоспарланғанын атап өтті. Заманауи білім ордасының ең көбі Тараз қаласында салынуда.
Айта кетерлігі, биыл көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге жалпыға міндетті білім беру қорынан 5,6 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында жекелеген санаттағы 2488 балаға 70 млн. 49 мың теңгеге демеушілер есебінен көмек көрсетілген.
Сонымен қатар, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектепке тасымалдайтын қоғамдық көліктердің барлығы дерлік техникалық байқаудан өткен.