"Бізді ешкім кездесуге шақырған жоқ". Талас ауданының шаруалары облыс әкіміне қордаланған проблемаларды ашық айтты
Аудан әкімінің орынбасары шаруаларға жанар-жағармай берді деп теріс ақпарат ұсынған
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Талас ауданының тұрғындарымен кездесуінде шаруалар бірқатар мәселе көтерді. “Дінислам” шаруа қожалығының жетекшісі аймақ басшысына аудан әкімінің орынбасарлары баяндаған жұмыстардың бірқатарын жоққа шығарды, деп жазады jambylinfo.kz.
Қаратау қаласының тұрғыны аудандық атқамінерлер диқандарға “бердік” деген жанар-жағармай отынын 9 жылдан бері алып көрмегенін айтты. Тіпті, соңғы уақытта егіс алқабына су жеткізу қиындай түскен. Ашынған шаруа аудандық шенеуніктердің дала еңбеккерлерімен “өткіздік”деп есеп берген кездесулерге де шақыртылмағанын айтты.
Мәселені назарға алған аймақ басшысы жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Талас ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы саласы бойынша жауапты орынбасарына дала еңбеккерлерімен тығыз жұмыс жүргізуді міндеттеді.