Былтыр Жамбылда сайлауға бөлінген қаржының 125 миллион теңгесі игерілмеген
Бұл туралы сайлау комиссиясының төрағасы айтты
Бүгін Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен оқыту семинары өтті, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Аталған семинарға Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының мүшелері, өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, саяси париялардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиында Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов пен бірқатар тұлғалар сайлау процесі жөнінде дәріс оқыды. Сонымен қатар, бірқатар проблемалар да айтылды. Серғали Айдапкеловтың сөзінше, былтыр саяси науқанды ақпараттандыруға бөлінген қаржының игерілуі өте төмен болған. Салдарынан 125 миллион теңге тиісті мақсатта жұмсалмай, мемлекетке кері қайтарылған.
Бұдан соң семинарда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысында саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы туралы» тақырыбында баяндама жасады. Ал, «Aulieata-media» ЖШС бас директоры Данияр Асқарұлы өңірдің ақпарат саласы әрбір саяси науқанда ашық әрі шынайы, әділ ұстаныммен еңбек етіп келе жатқанын атап өтті.
Шара соңында Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сайлау процессін даярлауда оның ашықтығы мен заң талаптарына сәйкес өтуіне семинарға қатысушылардың назарын аударып, сайлау науқандарында белсенділік танытқан бірқатар саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер басшыларын алғыс хаттармен марапаттады.