«DAMU»-дың қолдауынан құр қалмаңыз!
«DAMU»-дың қолдауынан құр қалмаңыз!
Қазіргі таңда облыста шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып, түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Оның ішінде атап өтерлігі, «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңір кәсіпкерлеріне жыл басынан бері 7,2 миллиард теңгені құрайтын 118 жобаға субсидиялау түрінде қолдау көрсеткен. Сондай-ақ, 115 жобаға 4,3 миллиард теңге кепілдік түрінде бөлінген. Тілге тиек ете кететін жайт, аталмыш қор бұл қаржыны жеңілдікпен кредиттеу мемлекеттік бағдарламасы арқылы берген. Бұған «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастырған баспасөз туры барысында көз жеткіздік.
Аймақты ас атасымен қамтамасыз етуде
Аймақты нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Козин А.А» жеке кәсіпкерлігі облыс нарығында 8 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Мұнда «Хлебный дар» сауда маркасымен бірінші сұрыпты нан, багет, кепкен нан мен бәліш пісіріледі. Қазіргі таңда цехтың қуаттылығы тәулігіне 60 мың нан мен май өнімдерін құрайды. Ал, ұнды тәуліктік тұтыну көлемі 30 тонна екен.
Айта кетерлігі, кәсіпкер осы жылдың шілде айында «DAMU» қорының қолдауымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы жылдық 15 пайыздық мөлшерлемемен 90 миллион теңге несие алса, оның 9 пайызын аталған қор субсидиялапты. Қалған 6 пайызды компания өзі өтейді екен.
«Сарыбастың» шұжығына сұраныс көп
Шұжық өндірумен айналысатын «Сарыбас» жеке кәсіпкерлігі ел нарығында 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда шұжықтың 39 түрін «Сай-ко», «Сарыбас», «Болат және Ко» сынды сауда маркаларымен шығаратын өндіріс ошағы өнім көлемін ұлғайту мақсатында 2018 жылы «DAMU» қорына жүгініп, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында жаңа жабдықтар сатып алыпты. Кәсіпорын басшысы Берік Сабданалиевтің айтуынша, екінші деңгейлі банктен компанияға жылдық 14 пайыздық мөлшерлемемен 276 миллион теңге сомасына несие беріліпті. Оның 8 пайызын «DAMU» қоры субсидиялапты.
«Ақсарай» ұны Ауғанстанға экспортталады
Өңірде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлік нысанның бірі – «Сырлыбай Б.Ә.» жеке кәсіпкерлігі. Компания аталған бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктен жылдық 14 пайыздық мөлшерлемемен 95,3 миллион теңге несие алған. Оның 7 пайызын «DAMU» қоры субсидиялап беріпті. Нәтижесінде компания 2016 жылдан бері нарыққа шығып, «Жеңеше» жайма өнімдері мен «Слойка» қатпарлы қамырын өндіріп келеді.
«Кәсібім – нәсібім» деген жамбылдық бизнесмендер үшін қолға алған шаруаларын одан ары кеңейту үшін кейде қаржының қолбайлау болатыны белгілі. Мұны ескерген мемлекетіміз түрлі бағдарламалардың ретін тауып, кәсіпкерлерді барынша қолдап келеді. Сол секілді, «Сырлыбай Б.Ә.» жеке кәсіпкерлігі «DAMU» қорының қаржылық қолдауын барынша сезініп, ұнды өлшеп, орауға арналған диірмен жабдығы мен буып-түю аппаратын сатып алған. Осылайша, ондағы өнім көлемі де артқан.
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ