Дауылдан зардап шеккен нысандар көп ұзамай қалпына келтіріледі
Дауылдан зардап шеккен нысандар көп ұзамай қалпына келтіріледі
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын аралап, 17-18 қараша күндері орын алған дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді. Тараз қаласы бойынша 109 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры бұзылып, 56 әлеуметтік нысан зардап шеккен. Ол бойынша арнайы штаб құрылып, табиғи апаттың салдарын жою жұмыстары басталды. Аймақ басшысы Өтеулиев көшесіндегі №30 үйге, Абай даңғылындағы №170 үйге, Қойгелді көшесіндегі №180 үйге, Бәйтерек шағын ауданындағы №42 үйге барды. Бұл үйлердің шатыры бүлінген. Қазір мұнда құрылыс-жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Облыс әкімі үйлердің шатырына көтеріліп, жұмыс барысымен танысты. Өңір басшысы тұрғындармен әңгімелесу кезінде оларды да атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылауға шақырды. - Ауа-райы біз үшін қолайлы болып тұр. Күн суымай жұмыстарды аяқтап үлгреуміз керек. Қала әкімдігі барлығын соңына дейін бақылауда ұстауға міндетті, – деді облыс әкімі. Тұрғындар дауыл салдарын жою шаралары жедел қолға алынғанын атап өтті. Бердібек Сапарбаев №54 орта мектепке де арнайы ат басын бұрды. Оқу ордасының ғимараты 2009 жылы пайдалануға берілген. Мектепте екі ауысымда 2145 оқушы оқиды. Қатты жел кезінде ғимараттың қабырғалары мен төбесі зардап шеккен. 2005 жылы салынған №18 орта мектептің де терезелері мен шатырын жөндеу жұмыстары басталған. Тараз қаласының әкіміне, мердігер ұйымдарға қалпына келтіру жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтап, ол үшін жұмысшылар санын көбейту тапсырылды. Барлық бүлінген нысандар кезең-кезеңімен жөнделмек. Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев мектеп директорларына санитарлық нормалардың сақталуын қадағалауды, «Жомарт түлек» жобасы аясындағы жұмысты күшейтуді, 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді COVID-19-ға қарсы Pfizer препаратымен вакцинациялау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Облыс бойынша материалдық шығын мен зардап шеккен нысандардың нақты санын анықтайтын арнайы комиссия құрылған.