Денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысы өтті

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов төрағалық етті
Жамбыл облыстық қан орталығының мәжіліс залында денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысы өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Басқосуда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а Ерік Мұсабаев баяндама жасап, халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру, кадр тапшылығын шешу, елдімекендерде нысандар салу сынды бірқатар бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның сөзінше, өңірде өзекті болып отырған маман тапшылығы мәселесін шешу мақсатында былтыр 3 893 медицина қызметкері оқытылып, шетелде 21 дәрігер біліктілігін арттырған.
Алқа отырысында денсаулық сақтау саласына қатысты айтылған сын аз емес. Ауршаңдық деңгейі, ана мен бала өлімі көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Меркі, Талас аудандарындағы емханалар қызметкерлеріне жалақы қарызын жақында ғана төлеген. Ендігі қалып отырғаны - Меркі, Талас, Жамбыл аудандарының емханалары мен облыстық балалар ауруханасының шаш етектен кредиторлық берешегі. Бір ғана Талас ауданының орталық емханасы жеткізуші ұйымдарға 837 миллион теңге қарыз. Медициналық нысанның берешегі өткен жылмен салыстырғанда 120 миллион теңгеге көбейе түскен.
Осы орайда облыс әкімінің орынбасары мекеме басшылығы кредиторлық берешекті өтеймін деп, заңсыз әрекетке барып жүрмеуін қадағалауға алуды тапсырды.
Сондай-ақ жиында Серік Сәлемов стоматологиялық жылжымалы кешеннің жұмысын сынға алды. Аталған кешен Талас, Жамбыл ауданында және Тараз қаласында қызмет көрсетеді. Бірақ, тұрғындардың бұған көңілі толмайды екен.
Бұдан кейін облыс бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің басшысы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы баяндама жасап, атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Жиын қатысушылары баяндамашыларға бірқатар сауал жолдап, ұсыныстарын да айтты.
Алқа отырысын қорытындылаған Серік Сәлемов халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру, сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша жауаптыларға нақты тапсырма жүктеді.