Жамбыл жаңалықтар

Депутат Жамбыл облысының шаруаларына ақша аз бөлінгеніне алаңдап отыр

Сенатордың айтуынша, тыңайтқыш пен егіс алқабын жоспарлы түрде кеңейтуге ақша жоқ

Сенат депутаты Сәкен Арубаев Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қаражат жеткіліксіз жоспарланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 


Мысалы, депутаттың айтуынша, биылға 9,8 мың гектар алқапта қант қызылшасын өндіруге 8,6 млрд теңге қажет болатын, алайда 2 млрд теңге ғана бөлінген. Бұған қоса минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға қажетті 3,1 млрд теңге де қарастырылмаған. 


Сонымен қатар сенатор өңірдің мал шаруашылығы саласында да жағдай күрделі екенін атап өтті. Осы саланы дамытуға 5,3 млрд теңге бөлінсе де, өткен жылдан қалған қарыз 2,6 млрд теңгені құраған. Бұл мал шаруашылығының бұдан былайғы дамуына қауіп төндіріп отыр. Осыған байланысты депутат Жамбыл облысының агроөнеркәсіптік кешенінің 2023 жылдан қалған қарыздарын өтеуге және 2024 жылға қолдау көрсету үшін тиісті қаржы қарастыруды ұсынды.