Діни экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуының алдын алу мақсатында кездесу өтті
Жиында бірқатар ұсыныс – бастамалар айтылды
Жамбыл облысының аумағында қызметін жүзеге асыратын өңірдің барлық конфессияларының діни бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен діни экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуының алдын алу мақсатында облыс әкімдігінің дін істері басқармасы рухани келісім күніне арналған діни бірлестіктердің өкілдері мен дін саласындағы сарапшылардың кездесуін өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Аталған кездесуге облыстық дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев, Астана қаласындағы «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының» басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Бакиров, «Ислам зерттеулері орталығы» қоғамдық қорының директоры, дінтану ғылымдарының PhD докторы Балғабек Мырзаев, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы қоғамдық қоры басшысының орынбасары Алим Шауметов пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілдері, Христиан бағытындағы діни бірлестіктердің өкілдері, қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімінің басшылары, «Қоғамдық келісім» мекемесі мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» дінтанушы, психолог және теолог мамандары, облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мен БАҚ өкілдері қатысып, 120-ға жуық адам қамтылды.
Кездесу барысында қатысушылар «Рухани келісім күні» мерекесіне орай құттықтауларымен алмасты, сондай-ақ өңірдегі түрлі конфессиялар мен этностар өкілдерінің өзара түсіністігін, бір-біріне төзімді қарым-қатынасын одан әрі дамыту үшін осындай кездесулерді алдағы уақытта да өткізуге тілектестіктерін білдірді.
Өз кезегінде сөз алған «Ислам зерттеулері орталығы» қоғамдық қорының директоры, дінтану ғылымдарының PhD докторы Балғабек Мырзаев баяндама жасап, жастардың теріс діни ағымдарға кіріп кетуінің негізгі себептеріне тоқталды.
– Сараптама қорытындылары көрсеткендей, жастарды адастыратын теріс діни ағымдардың айла-әдістерін сипаттап көрейік. Олар – адастыратын ақпаратқа толы интернет пен әлеуметтік желілердің санын арттыру, санаға жеңіл фанатистік қуаты мықты теріс діни әдебиеттерді көптеп шығару, санаға жеңіл діни догмалар мен шаблондардың тартымдылығын арттыру және насихаттау. Сондай-ақ, әлеуметтік мұқтаждығы бар жастарды қаржылық ынталандыру, психологиялық тартымдылық арқылы теріс ортаға бейімдеу, отбасындағы махаббаттың жетіспеушілігі мен діни қызығушылығын оңтайлы пайдалану, жастарды бойына діншілдік психологияны діни мәде¬ниеттен арттыра насихаттау, әлеуметтік қиындықтарының эмоцияларын жалған діни догмалар арқылы шығаруға итермелеу, психологиялық күйзелістер шеңберінде жүрген жастарға демеу болу деген сынды бірқатар діни-психологиялық әрі әлеуметтік мәселелер.
Өзекті мәселенің бірі – интернет. Қазір интернеттегі теріс діни ағым идеологияларына шектеу қою жұмыстары жалғасып келеді. Дегенмен, мемлекет интернетке мүлдем тыйым сала алмайтыны белгілі. Осыны пайдаланған теріс діни ағым менеджерлері интернеттегі жұмыстарын жалғастыратынын ескере келе, жастарға интернетті талғаммен пайдалану қажеттігін ескертеміз. Осы тұрғыда қуаты мықты теріс діни әдебиеттердің санаға жеңіл діни догмалар мен шаблондарының тартымдылығын жою мақсатында бірқатар сараптама жұмыстары жалғасып келеді.
Статистикалық мәліметтер бойынша, дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 70 пайыздан астамы қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейтінін «Қазақстан Республикасындағы терроризм және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қоры атап көрсеткен еді. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді. Яғни, қазіргі интернет сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, блог-платформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде. Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап өту қажет. Өйткені, кез келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау.
Еліміздің тарихымен, мәдениетімен, рухани құндылықтарымен қабыспайтын жат діни көзқарасты насихаттап жүрген кез келген ағым қазақстандық қоғамның дәстүрлі ұстанымдарына, ішкі тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Қазіргі таңда ғылым мен технологиялардың қарқынды дамуы ақпараттық және медиакеңістіктің құрылымдарын күрделі ойындар алаңына айналдырды. Нәтижесінде кез келген қоғамдық пікірдің қалыптасуына бүгінде ғаламторды пайдаланатын миллиондаған адамдардың белсенділігі ықпал етіп келеді. Өкінішке қарай, мұндай белсенділердің арасында экстремистік және террористік ұйымдардан құралған деструктивті күштер осы кеңістіктің барлық мүмкіндіктерін өз қызметінде оңтайлы пайдаланып отыр.
Ақпарат алмасудың әр түрлі заманауи тетіктерін шебер қолданатын деструктивті ағым идеологтары оқу, хат алмасу, бейне және аудио материалдар арқылы радикалды көзқарастарды таратуда.
Діннің адам санасына ықпал етудегі әлеуеті жоғары. Осыған орай теріс пиғылды халықаралық ұйымдардың медиа-студиялары және басқа да ақпараттық насихат құралдары әртүрлі қаржылық көздер арқылы теріс пиғылды жұмыстарын жалғастыруда.
Кез келген теріс пиғылды діни топ көздегеніне тез жету үшін әрі қатарын жаңа адепттермен толықтыру үшін өзінің шынайы мақсатын жасыруға және зұлымдықтарын ақтауға тырысатыны белгілі. Осыған орай деструктивті ағым өкілдері өз уағыздарында бұрмаланған әр түрлі діни дәйексөздерді келтіре отырып, өздерінің жолын әділ әрі ақиқат етіп көрсеткісі келеді. Алайда бейбітшілік пен ауырмалдылыққа үндейтін шынайы діни сенімде адамдарға зұлымдық пен әділетсіздік танытуға, нақақтан жан иесін өлтіруге жол берілмейді,-деді Балғабек Мырзаев.
Жиында бұдан бөлек Астана қаласындағы «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының» басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Бакировтың, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы қоғамдық қоры басшысының орынбасары Алим Шауметовтың де баяндамасы тыңдалды.
Кездесуден кейін барлық қатысушылар «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешені мен «Ақыртас» сәулет-археологиялық кешеніне экскурсия жасады.