Жамбыл жаңалықтар

Экономикалық даму қарқынын төмендетпеуді тапсырды

Экономикалық даму қарқынын төмендетпеуді тапсырды

Жамбыл облысында алты айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы қалай? Бұл мәселе аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды. Жыл басынан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасқан. Оған мемлекеттік бағдарламалардың тигізген септігі де жоқ емес.  Негізінен өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсімі Тараз қаласы мен Қордай ауданында байқалса, Сарысу ауданында ол төмендеген. Ауыл шаруашылығы өнімінің 4,3 пайызға жоғарылауы өсімдік пен мал шаруашылығына тиесілі. Өнімнің негізгі үлесі Қордай, Шу, Байзақ және Жамбыл аудандарының еншісінде. Ал Мойынқұм, Жуалы аудандары мен  Тараз қаласы өсімнің ең төменгі қарқыны  қалыптасқан. - «Жетінші айдың да аяқталуына санаулы күн қалды. Әкімдіктің экономика басқармасы алдағы айларға өз болжамын жасап отыруы тиіс. Баяндамада байқағаным, өнеркәсіп көрсеткіші төмендеген. Осы мәселеге барлық аудан әкімдері ұсыныстарын беріп, өнеркәсіп саласын жандандыруға күш салуымыз қажет, - деді өңір басшысы. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевқа «Самұрық» және «Бәйтерек» қорларымен жұмыс істеу туралы ұсыныс болған еді, ол жобалар не болып жатыр?» деді Б.Сапарбаев. Басқарма басшысы Қордайда екі, Сарысуда екі жобаның қолға алынып жатқанын, инвестиция тарту бойынша да жұмыстар басталып кеткенін айтты. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановқа да облыс әкімінің қояр сұрағы да аз болмады. Өйткені, бұл саланың әлі де күрмеуі тарқатылмаған мәселелері аз емес. Бұған дейін басқармаға ұсақ шаруа қожалықтардың басын құрып, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен агрохолдингтер құру, бұлақ көздері мен су ұңғымаларын, су тоғандарын салу, бағаны реттеу, әлеуметтік дүкендер желісін қалыптастыру,  қойма салу, субсидияны шаруаларға уақытынан кешіктірмей беру, қысқа мал азығын дайындау барысы сынды тапсырмалар жүктелген еді. Бұған басқарма басшысы Қайрат Амановтың жауабы мардымды болмады. Облыс әкімі атқарылған жұмыстарды талқылай келе, мемлекет берген тапсырмаларды толық орындап, өңірдің экономикалық даму қарқынын төмендетпеуді орынбасарлары мен басқарма басшыларына, қала, аудан әкімдеріне тапсырды.