Жамбыл жаңалықтар

Елімнің баға жетпес байлығы

Елімнің баға жетпес байлығы

Биыл әр қазақстандықтар үшін баға жетпес құндылық Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Тәуелсіздік - әр қазақтың жүрегін әлдилеген ғажайып ұғым, асыл құндылық. 30 жылдық айтулы мерекеге орай іс - шаралар легі толассыз жалғасуда. Осы орайда облыс әкімдігі білім басқармасы оқу әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен Тараздағы бірқатар үлгілі білім ордаларында "Тәуелсіздік жетістігі" атты ашық сынып сағаттары өтті. "Тәуелсіздік жетістіктері" сынып сағаты әуелі облыстық " Дарын" мектеп- интернатында өткізіліп, оған М. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы Рахат Тободжанов арнайы қонақ ретінде қатысты. Ол өзінің Тәулесіздік жылдарында қандай қызметте болғанын, ел еркіндігінің әр қадамына алғашқы куә болғанын, ол күндер оңай болмағанын әсерлі әңгімелеп берді. Мұнан соң аталған мектеп интернаттың мұғалімі, республикалық " Үздік ұстаз" байқауының жеңімпазы Базарбай Дүйсенбаев, Білім беру ісінің үздігі Мираш Бегілдаева өз ойларын білдіріп, Тәуелсіздік таңымен бірге келген толайым жетістіктерімізге тоқталды. Мәселен, тіліміз, діліміздің, дәстүріміздің оралуы, Арқа төсінен жарқырап салынған жаңа Астана , Елбасының ерен еңбегі жайлы кеңінен толғанды. Ашық сағатты аталған облыстық мектеп- интернат директоры Назира Шілтаева қорытындылап, оқушыларға Тәуелсіздігіміздің баға жетпес байлық екенін түсіндіріп, келген қонаққа алғысын білдірді. * Осындай тәрбиелік мәні зор сынып сағаты Тараз қаласындағы Төле би атындағв 8- ші гимназиясында да өтті. Бұл іс - шараға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер, танымал тележурналист Асқарбек Сейілхан қатысып, Тәуелсіздіктің маңызы жөнінде толғана сөйлеп, көпшіліктің көңілін баурап алды. Ол еркіндіктің, азаттықтың мәдениет саласына, БАҚ саласына тигізген оң әсерін , өзінің де еңбегі Тәуелсіздік таңынан кейін көбірек бағаланғанын кеңінен әңгімеледі. Іс шара соңында гимназия директоры Әлішер Әзімбай қонаққа алғысын айтты. " Тәуелсіздік жетістігі" атты ашық сынып сағаты Тараздағы 30- шы мектеп - гимназиясында жалғасын тапты. Бұл білім ордасындағы іс - шараға Ш. Мұртаза атындағы облыстық " Руханият және тарихтану" орталығының ғылыми қызметкері Айнұр Кеебаева қатысып, Тәуелсіздіктің әкелген жақсылықтары мен маңызына жан - жақты тоқталды. Іс - шарада аталған мектеп- интернат директоры Рахия Есеева сөз сөйлеп, оқушыларға Тәуелсіздіктің әсерін, қажеттілігін, маңызын, жетістігін, Елбасының батыл қадамдарын кеңінен әңгімеледі.