«Энергетика министрі боламын». Тараздық оқушы әлемдегі ең тиімді күн электр станциясын жасады
Ол үшін Қанат Тәжіхан қалқымалы күн панелдерін орнатқан
Тараздық өнертапқыш әлемдегі алғашқы күн электр станциясын жасап шығарды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қанат Тәжіхан Назарбаев зияткерлік мектебінің физика-математика бағыты бойынша 12-ші сыныбында оқиды. Жастайынан білім қуған ол қазіргі уақытқа дейін бірнеше сәтті жоба жасап, мемлекеттік гранттарды жеңген. Мәселен, өткен жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсының грантын жеңіп, еліміздегі теңдессіз жобасын іске асырды.
Оқушы күн электр станциясын Алматы облысында салған. Оның сөзінше, ғаламат жоба Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр. Енді Қанат Тәжіханның өнертабысы жасыл экономикаға жол ашып, энергетика өндірудегі көмірге деген тәуелділікті азайтпақ.
Өнертапқыш өзі орнатқан күн панелдерінің басқа құрылғыларға қарағанда артықшылығы көп екенін айтады. Тіпті орналасуы да ерекше екен.
Қанат Тәжіханның бұдан басқа да өнертабысы жетерлік. Оның ішінде қоқыс сұрыптау құрылғысы мен мүгедектерге қолғабыс ететін протез де бар.
Қанат Тәжіхан «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты арқылы өнертабысын іске асырды. Аталған жоба биыл да жалғасын тауып отыр. 2024 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» бойынша 3 млн теңгеден 30 грант беріледі.
Гранттар 6 бағыт бойынша беріледі:
«Ғылым» – жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
«Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
«Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
«Бизнес» – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
«Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған;
«Волонтерлік» – өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобаларды (бастамаларды) іске асыруға арналған.