Ералы Тоғжанов Қордай ауданының тұрғындарымен кездесті
Ералы Тоғжанов Қордай ауданының тұрғындарымен кездесті
Қордай ауданы Сортөбе ауылында ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация Қордай ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесуге ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Аухатты ауылдарының қариялары қатысты.
Ералы Тоғжанов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қордайлықтармен бірге өзекті мәселелерді, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын талқылады. Ақсақалдар ел Президенті мен Үкіметке қамқорлық пен қолдаулары үшін алғыс білдірді. Олар аз ғана уақытта ауданда ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгерістер орын алғанын атап өтті.
Масанчи ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаровтың да ойы осыған ортақтасты.
Ералы Тоғжанов тұрақтылықты сақтауға әр адам атсалысу керектігін атап өтті.
Сондай-ақ, кездесуде ел Президентінің тапсырмасы бойынша ауданда жүзеге асырылған «Бейбітшілік пен келісім» жобасының нәтижелерін сараланды. Бейбітшілік пен келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған жоба аясында қоғамдық-саяси ахуалға мониторинг жүргізіліп, жергілікті тұрғындарды мазалайтын проблемалық мәселелер анықталып, шешімін тапты. Жұмыс топтары мыңнан астам кездесу өткізіп, онда 30 мыңға жуық тұрғын қамтылған.
Сондай-ақ, вице-премьер Масанчи ауылындағы ағымдағы жылдың ақпан айында орын алған тәртіпсіздіктерден кейін қалпына келтірілген бірқатар коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлерді аралап көрді. Ауылдықтар мемлекет басшылығына көрсетілген қолдаулар үшін ризашылығын жеткізді. Мұнда Е.Тоғжанов "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ қолдауымен салынған спорт алаңында болды.
Қаракемер ауылында делегация кезекте тұрғандар үшін салынған жаңа жеке үйлермен танысты.