Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешуді тапсырды
Аймақта егіс көлемі 644 мың гектарға жоспарланған
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жиында аймақтағы көктемгі дала жұмыстарының қортындысы мен саладағы мәселелер айтылды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, аймақта егіс көлемі 644 мың гектарға жоспарланғанымен, нақты егілген көлем 611 мың гектар аумақты құрап отыр.
Мәселен, Жуалы ауданы 2 мың гектар, сол секілді Меркі 2,5 мың гектар, Тұрар Рысқұлов 12,2 мың гектар және Шу ауданы 16,9 мың гектар алқаптарға жоспарланған жұмыстарды орындамай отыр екен. Сол секілді Қайрат Көшенов аудандар тарапынан көктемгі дала жұмыстарына қатысты мәліметтердің дұрыс берілмейтінін, салдарынан салалық министрлік тарапынан келіспеушіліктер орын алатынын алға тартты.
Тыңайтқыштарды ендіру жұмыстарын да Тұрар Рысқұлов ауданы 55 пайыз, Сарысу 49 пайыз, ал Мойынқұм ауданы тек 12-ақ пайыз көрсеткішке қол жеткізген.
Қайрат Көшеновтің айтуынша, техникаларды жаңарту бағытында да Шу, Меркі, Талас аудандары төмен көрсеткіш көрсетіп отыр.
Басқарма басшысы өз сөзінде суармалы жерлердің мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Аймақта су үнемдеу технологиялары былтыр 40 мың гектар алқапқа енгізілсе, биыл бұл көрсеткішті тағы 7 мың гектарға арттыру жоспарланып отыр.
Ал облыс әкімі белгіленген жоспарға сай жұмыстарға белсенділік танытпай отырған аудан басшыларынан мәселенің себеп-салдарын сұрап, жұмысты жүйелеуді тапсырды.