Ербол Қарашөкеев Т.Рысқұлов ауданының тұрғындарымен кездесті
Жиында жергілікті жұрт бірқатар мәселе көтерді
Бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Т. Рысқұлов ауданының халқымен кездесіп, мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Аймақ басшысы жиын басында өткен жылы облыста барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен 1600-ден аса кездесу өткенін , осылайша жергілікті жұрт көтерген мәселелер оң шешімін тауып жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар, аймақта былтыр атқарылған шаруаларды атап өтті.
"Өткен жылы облыста экономикалық өсім 102,4 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 100,1 пайыз көрсеткішінде болды. Ал, шаруашылығы саласында 567,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 517 миллиард теңгеге инвестиция тартылды. Өздеріңіз білесіздер, ауыл шаруашылығы саласында статистиканы нақтылау бойынша санақ жүргізілуде. Көзбояушылық болмайды. Нақты мал саны мен егістік көлемі анықталады",- деді Ербол Қарашөкеев.
Бұдан кейін жергілікті жұрт аймақ басшысына өздерін мазалаған мәселелерін жеткізді.
Аудандағы Жарлысу ауылының тұрғындары суға жарымай отыр. Оған бірден бір себеп жерасты суының болмауы. Аймақ басшысы жергілікті билікке мәселені тиімді шешу тетіктерін қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, жиында газ тарту, амбулаториялық пункт, спорт нысанын салу, егіс науқаны кезінде жанар-жағармай жеткізу, сонымен қатар, бірқатар салада қалыптасқан жағдайлар бойынша мәселелер көтерілді.
Аймақ басшысы айтылған проблеманың бәрі хаттамаланып, назарда болатынын айта келе, әр тұрғынның сауалына нақты жауап беру үшін аудан әкімдеріне тапсырма берді.
Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев келер жылы облыс елді мекендеріндегі таза ауыз су мәселесі барынша шешілу керектігін баса айтты.
"Президент бұл жөнінде нақты міндет жүктеді. 2025 жылы ауылдарға таза ауыз су жеткізу, 2027 жылы газ тарту мәселесі толық шешіледі деп көзделуде",- деді облыс әкімі.
Мұнан соң Ербол Қарашөкеев аудан тұрғындарын жеке қабылдап, толғандырған мәселелеріне құлақ түрді.