Жамбыл жаңалықтар

Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы су тасқынының алдын алу шараларымен танысты

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы Әулиеата ауданына қарасты Бектөбе тұрғын алқабында болып, ауласын су басқан тұрғын үйлерді аралап көрді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Айта кетейік, қалың қардың еруі мен жауын-шашын салдарынан облыс орталығындағы бірнеше жеке тұрғын үйдің ауласын су басқан.

Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою жұмыстарына 109 адам және 40-тан астам техника жұмылдырылды. Су басу қаупін азайту мақсатында құм толтырылған қаптар төселіп, шамамен 4-5 тонна инертті материал пайдаланылды. Ұзындығы 250-300 метр қорғаныс бөгеті жасалды. Сонымен қатар аулалар судан тазартылып, арық-дренаж жүйелері механикалық тәсілмен аршылды. Жұмыстар жалғасуда. 

Ербол Қарашөкеев атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, Тараз қаласы әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімі су басу қаупі жоғары аймақтарды тұрақты бақылауда ұстауды, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді, әлеуметтік желілердегі тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырды.