«Ерлігін ел жыр еткен аңыз адам Бауыржан...» атты дөңгелек үстел отырысы өтті

Іс-шарада аңыз адамның шығармаларынан құралған кітап көрмесіне шолу жасалды
«Ел болып оқимыз» жобасы аясында Ұлы Отан соғысы жылдарында ел мен жер үшін от кешкен батыр, тірісінде аты аңызға айналған қазақтың жауынгер ұлы, қолбасшы, ерліктің ерен үлгісі Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына орай «Ерлігін ел жыр еткен аңыз адам Бауыржан...» атты дөңгелек үстел өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Жаңарып, жаңғырып, халықтың жадынан шықпай айтыла береді. Елдік пен ерліктің киесіндей, батырлық пен батылдықтың иесіндей, асылдық пен жасындықтың үлгісіндей аты аңызға айналған баһадүр батыр Бауыржан Момышұлы - тау тұлға. Ол кісінің өмір жолы, сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі, өжеттігі мен өрлігі, алғырлығы мен көрегендігі - біле білгенге ұлы тәрбие, үлкен өнеге мектебі. Батырдың бастан кешкен оқиғаларын, өмір жолын және шығармаларын дөңгелек үстелге қатысушы зиялы қауым өкілдері жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан, батырдың немере інісі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, ардагер журналист Бекет Момынқұл, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Меңдібай Әбілұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің филология ғылымдарының кандидаты, доцент Темірбай Мұқашев, аға оқытушы, әдебиеттанушы Бақытжан Мақашев сынды тұлғалар талқылап, оқырмандардың патриоттық сезімін оятты. Батыр бейнесінің әр қыры оның өз шығармаларынан анық байқалады.
Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері батыр Бауыржан атамыздың шығармаларына дайындаған кітап көрмесіне шолу жасады.