«Газ жоқ!». Жамбылда сұйылтылған газ тапшылығынан жұрт ұзын-сонар кезек күтуге мәжбүр
Өйткені тұтынушылар күрт көбейген
Жамбылдағы газ құю бекеттерінде газ тапшылығы орын алып жатыр. Көлігін жүргізуге көгілдір отын таппай сенделген жұрт ұзын-сонар кезекте тұрғанын қоғам белсенділері жазып жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің ЖО филиалының төрағасы Назима Жұбандықова аймақтағы газ құю бекеттеріндегі «Газ жоқ. Түбінде де жоқ» деген жазуы бар ескертпелердің фотосын жариялады. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге қордағы «тығып отырған» газды қымбат бағаға болсын сату бойынша ұсынысын айтты.
Ал, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ғалым Исақов газ тапшылығы орын алғанын жасырмайды. Ол мұны жазғы науқанда көлік қозғалысының көбеюімен байланыстырды. Сондай-ақ көгілдір отын өндірісінде өнім азайғанын айтады. Мәселен, жалпы облыста қажеттілік 8 мың тонна болса, биыл 5600 тонна әлеуметтік газ бөлінген. Сондықтан басқарма басшысы мәселе тек Ақтөбе мен Шымкент қалаларынан келетін сұйылтылған газ көлемін ұлғайту арқылы шешілетінін жеткізді. Немесе газ құю бекеттері коммерциялық газды көбірек алуы керек. Бірақ, бұл кәсіпкерлерге тиімсіз екен.