Көксай туристік кешеніне апарар жолдың құрылысы аяқталуға жақын
Бұған дейін жолдың нашарлығына байланысты туристер үшін демалыс орнына қатынау қиын болған еді
Жуалы ауданындағы Көксай туристік кешеніне апарар жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жобаның жалпы құны 655 миллион теңге. Мердігер мекеме «Шалхар Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Жөнделетін жолдың ұзындығы 19,083 шақырымды құрайды. Жөндеу жұмыстары маусым айында басталған. Қазіргі уақытта асфальт жамылғысын төсеу жұмыстарының негізгі бөлігі, яғни 95 пайызы аяқталған. Жуалы ауданы әкімдігінің мәліметінше, жол тамыз айында толық пайдалануға беріледі.
Бұл бағытты жаңарту арқылы ауданның туристік әлеуеті арта түспек. Әсіресе жаз мезгілінде Көксай шатқалына келушілер саны күрт өседі деп күтілуде. Табиғи сұлулығымен ерекшеленетін шатқалда демалушылар тауға шығып, су бойында тынығып, таза ауада серуендейді.
Бұған дейін жолдың нашарлығына байланысты туристер үшін қатынас қиын болған. Көптеген көліктер шатқалға жете алмай, жол үстінде кері қайтуға мәжбүр болатын. Ал енді жаңартылған жол арқылы келушілер діттеген жеріне кедергісіз жетіп, демалыстан ләззат ала алады.
Табиғаты көркем Көксай шатқалы Жамбыл өңірінің ең танымал туристік аймақтарының бірі саналады. Жолдың жаңартылуы бұл мекенге келушілердің артуына, жергілікті экономиканың дамуына және табиғат аясындағы экотуризмнің кеңеюіне жол ашады.