Көлімен көркем көрінген округте
Көлімен көркем көрінген округте
Тоғызтарау ауылдық округі 2013 жылдың 29 сәуірінде Жамбыл ауданына қосылған. Сол тұстағы Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың №26 қаулысында «Жамбыл облысы Жуалы ауданы Тоғызтарау ауылдық округінің бағыныстылығын Жамбыл ауданына беру мақұлдансын» деп көрсетілген бөлімді көрген тоғызтараулықтар сол күні қуанған еді. Шындығында, ауыл халқының Жуалы ауданының орталығы бұл ауылдан шалғайда жатқандықтан, барыс-келіс қиындай түсіп, өзімізді «жапанда қалған жалғыз үйдей» сезінген едік дегендері бар. Ал, қазір ше? Қазір, ауызсу тартылған, көшелер асфальттанып, жарық орнатылған. Қорғаушылары мен қолдаушылары бар. Жылдан жылға аула саны да, адамдар қатары да өсіп келеді. Округте басқа қандай тірліктер атқарылды? Осы сауал төңірегінде Тоғызтарау ауылдық округінің әкімі Мұхтар Шайдаев әңгіме қозғаған. Округ Тоғызтарау, Жаңаөткел және Құмсуат елді мекендерінен тұрады. Округтің жалпы жері – 1166 гектар. 188 аулада 837 адам бар. Ауылдық округтің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткішіне тоқталар болсам, едәуір ілгерілеушілік бар. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының 2-ші бағыты бойынша биылғы жылы екі азамат мемлекеттен 3 млн теңге несие алып, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жұмыс жүргізіп отыр. Халықты әлеуметтік қорғау және қамсыздандыру бойынша округтегі жұмыссыздық пен кедейшілікті төмендету мақсатында жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Ауылдық округтегі көпбалалы отбасыларына берілетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген азаматтар мемлекет тарапынан қолдау тауып, жәрдемақыларын алды. Мәселен, 2019 жылы 12 отбасынан 59 адамға 8 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек берілсе, ағымдағы жылдың 6 айында бір отбасына 465939 теңге әлеуметтік көмек көрсетілді. Кәсіптік оқу курсынан (қысқа мерзімдік) 3 азамат өтсе, ақылы қоғамдық жұмысқа 20 азамат тартылды. 3 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Округтегі ауыл тұрғындарында 7478 жылқы, 26 түйе, 1411 мүйізді ірі қара, 16999 қой-ешкі, 25 шошқа, 1305 үй құсы бар. Барлық малға эпизоотияға қарсы іс-шаралар жасалды. Округте лицензиялы үш мал дәрігері қызмет көрсетуде. Олардың қызметіне «Нива» автокөлігі берілген. Егін шаруашылығы бойынша биыл егіс көлемі 335 гектарды құрады. «Атамұра» (төрағасы Өрікгүл Шонтаева) және «Амантөбе» (төрағасы Жақсылық Жұмабеков) шаруа қожалықтары 235 гектарға арпа, 22 гектарға бидай, 53 гектарға жоңышқа орналастырып, көңіл көншітерлік өнім алды. Мал азығын дайындауда да оң нәтиже бар. Бүгінгі күнге 103 тонна жоңышқа, 6230 тонна табиғи шөп дайындалды. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Округ бойынша 16 шаруа қожалығы тіркелсе, олар егін және мал шаруашылығы бағытында тірліктерін тиянақтауда. Сонымен қатар «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Гамлет Қайнарбеков «Қазагро» АҚ арқылы 25 млн теңге несие алып, 834 бас қой сатып алса, Қазбек Әбуов, Хабидулла Кенжебеков, Алдияр Егемберді сынды ауыл азаматтары ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 4 млн теңгеден несие алып, кәсібін ашты. Бүгінде олар істеріне жұмыла кіріскен. Білім саласы бойынша айтарым, округ аумағында Т.Тоқтаров атындағы орта мектеп және А.Матросов атындағы негізгі мектеп оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Құмсуат елді мекенінің 22 мектеп оқушысы арнайы шағын автобуспен тасымалдануда. Аталған мектептерде 45 мұғалім дәріс береді. Округте 25 бүлдіршін тәрбиеленетін «Жас қанат» бөбекжайының жұмысы оң жолға қойылған. Тәрбиешілерге бүлдіршіндердің ата-аналары шексіз риза. Айтпақшы, «Серпін» бағдарламасы негізінде батыс, шығыс өңірлерінде округтің 5 білімгері білім алуда. Адамдар денсаулығы – бәрінен қымбат. Әсіресе, қазіргідей дүние жүзін дүр сілкіндірген коронавирус індетінің белең алмауы үшін алдын алу шаралары жасалуда. Осы індеттің екінші толқыны болады деп жатыр. Лайым, болмай-ақ қойсын. Бірақ, дайындықты ауылдағы медициналық орындардың медицина қызметкерлері бастап кеткен. Округте автожол мәселесі де оңынан шешіліп келеді. «Өрнек-Тоғызтарау», «Тоғызтарау-Жаңаөткел» бағытындағы жолдар асфальттанды. Ауылішілік мектепке апарар жолға шағал тас төселінді. Тоғызтараудан Жаңаөткелге шыға беріске бейнебақылау құрылғысы қойылған. Ауылда спортқа үлкен мән берілген. «Street Workout» орнатылған бір шағын спорт алаңы, бір ат спорты алаңы бар. Ат спорты демекші, елімізде белгілі көкпаршы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Алтын тұғыр» иегері, Германиялық Мюнхен кубогының иегері, көкпардан еліміздің 9 дүркін чемпионы, 2019 жылы бүкіләлемдік ғасыр ойыншысы, «Жыл салымшысы», Аргентина және Германия мемлекеттерінде өткен шөген (поло) ойынының үздік ойыншысы, «Әулие-ата үміті» сыйлығының иегері, 23 жастағы Тоғызтарау ауылының тумасы Құрманбек Тұрғанбек ауыл мақтанышына айналған. Тәртіп бар жерде жұмыс бар екенін ескерсек, құқық бұзушылық бойынша өткен жылы 4 ұялы телефон ұрлау қылмысы тіркеліп, олар дер кезінде ашылды. Биылғы жылы бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Округ аумағындағы 62 зейнеткер, 2 Ауған соғысының ардагері, 2 Семей полигонының қатысушысы, 23 «Алтын алқа», 17 «Күміс алқа» иегері ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқанына қуанып, өзгелерге үлгі етіп келеміз. 7584 гектар жері, 4625,4 гектар жайылымы, 327 гектар басқа да жерлері бар округтің болашағы зор. Округте маңызды мәселелердің бары жасырын емес. Ауылға интернет жүйесі толық енгізілсе, егінсумен, табиғи газбен қамтылса, ауылішілік жолдар толықтай асфальттанса деген тілек бар. Дүйсенбек ОРМАНОВ, “Шұғыла”