Жамбыл жаңалықтар

Кәсіпкерлермен әріптестік: түзеу мекемесінде «Ашық есік» күні ұйымдастырылды

Шараға Жамбыл облысы прокуратурасының қызметкерлері, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы, Тараз қаласы әкімдігі, «Даму» қорының өкілдері, сондай-ақ өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.

ҚР ІІМ ҚАЖК «№58 мекеме» республикалық мемлекеттік мекемесінің аумағында орналасқан «Еңбек-Тараз» РМК филиалында жеке кәсіпкерлерді тарту және сотталғандар дайындаған өнімдерді көпшілікке таныстыру мақсатында «Ашық есік» күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Қонақтар мекеме аумағындағы өндірістік цехтарды аралап, сотталғандардың қолынан шыққан бұйымдармен танысты. Көрмеде қолөнер туындылары, тұрмыстық заттар және басқа да дайын өнімдер ұсынылды. Сонымен бірге кәсіпкерлерге бос тұрған өндірістік ғимараттар көрсетіліп, оларды тиімді пайдалану, жалға алу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдары түсіндірілді.

Шара барысында тараптар өзара тиімді әріптестік орнату, өндіріс көлемін ұлғайту және сотталғандарды еңбекпен қамту арқылы олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау мәселелерін талқылады.

Кәсіпкерлер ұсынылған мүмкіндіктерге қызығушылық танытып, алдағы уақытта серіктестік орнатуға дайын екендерін жеткізді.

Бұл бастама тек өндірістік дамуға ғана емес, сонымен қатар сотталған азаматтарды еңбекке баулу мен қайта әлеуметтендіру ісіне де маңызды үлес қосатын қадам болып саналады.