Күйік асуындағы күре жолдың құрылысы қашан аяқталады
Биыл Жамбыл облысындағы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28 миллиард теңге қаржы қаралған.
Бұл туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Басқарма басшысының айтуынша, бөлінген қаржы аясында жалпы ұзындығы 464,5 шақырым жол құрылыс, қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылуда.
— 2025 жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28,0 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат есебінен 17,7 шақырым көше жолы мен 5 көпір құрылысы, 8,0 шақырым жолды қайта жаңғырту және 438,8 шақырым жолды орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 62,1 шақырым — облыстық маңызы бар автожолдар, 48 шақырым — аудандық маңызы бар жолдар, ал 330,4 шақырым — елді мекен көшелері. Барлығы 182 жобаны іске асыру аясында 464,5 шақырым жол қамтылуда, — деді Мұрат Саурықов.
Брифинг барысында журналистер ескі Күйік асуындағы айналма жолдың асфальт жамылғысын төсеу жұмыстарының аяқталу мерзіміне қатысты сауал қойды. Бұл сұраққа басқарма басшысы жауап берді.
— Ұзындығы 12 шақырымды құрайтын ескі Күйік асуы республикалық маңызы бар жолдардың қатарына жатады, ал жол жөндеу жұмыстары «ҚазАвтоЖол» компаниясының тапсырысы негізінде жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда түркиялық «СинеМидасСтрой» ЖШС-мен қайта келісімшарт жасалды. Қайта деп отырғаным, бұған дейінгі мердігер былтыр жұмысты бастап, оны аяқтамағаны үшін жосықсыз деп танылды. Сол себепті биыл жаңа келісімшарт жасалып, қазіргі таңда «СинеМидасСтрой» ЖШС қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін асфальтбетон жабындысының астыңғы қабатын толық төсеп, жол қозғалысын ашу жоспарланған. Жалпы жобаны келер жылы, мерзімінен бұрын аяқтау көзделіп отыр, — деді басқарма басшысы.