Жамбыл жаңалықтар

«Кедергісі бар келешек». Тараздағы кәсіпкерлік нысандар мүгедектерге бейімделмеген

Бұл жайға депутаттар бүгін көз жеткізді

Бүгін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында облыстық және қалалық мәслихат депутаттары кәсіпкерлік нысандарға зерделеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 
Мүгедектер күнінде өткен мониторингте «Фиркан 24», «Тәтті себет» азық-түлік дүкендер желісі, «Садыхан» дәріханасы, әлеуметтік дәріханалар желісі және «Форте Банк» ғимараты қамтылды.
Халық қалаулылары алдымен сегізінші шағынаудандағы «Фиркан 24» дүкеніне бас сұқты. Мұнда кассалардың арасы тым жақын, әжетханасы да мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайластырылмаған. Сонымен қатар, депутаттар дүкен алдындағы көлік тұрағына да баса назар аударды. Қалалық мәслихат депутаты Айгерім Дәулетбаеваның сөзінше, тұрақта мүгедектерге арналған белгі де дұрыс орналастырылмаған. Сәйкесінше, ерекше жандар үшін қиындықтар туындайтыны ашық айтылды. 
Бұдан соң, арнайы топ «Тәтті себет» азық-түлік дүкендер желісінің біріне келді. Кәсіпкерлік нысаны кіреберісінен бастап депутаттардың сынына ұшырады. Арнайы белгі де, тұрақта орын да қарастырылмаған. 

Сонымен қатар, зерделеу тобы банк ғимаратының мүмкіндігі шектеулі жандарға қаншалықты жағдай жасағынын тексерді. Депутаттар мұнда айтарлықтай кемшілік анықтай алмады. Талапқа сай пандус бар, шақырту қоңырауы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, тактильді плиткалармен де жабдықталған. Тек әжетхана жағы ақсап тұр. Тіпті кейбір дәріханалардың өзінде жағдай осындай. Депутаттар нысан басшылығына ескерту жасап, ерекше жандарға барынша мүмкіндіктер қарастырылуы керектігін айтты. 
Жалпы зерделеу барысында 6 нысан қамтылды. Соның 1-і ғана талапқа сай болып шықты. Ал, кәсіпкерлік нысандарда мүгедек жандар үшін жағдай жасалмаған. Дәретханалары ақылы. Оның үстіне мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мүмкіндік қарастырылмаған.  

Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысында ерекше қажеттіліктері бар 45 682 мыңнан астам адам тұрады.