«Кемшілік көп». Жамбылдағы мердігерлер жол салу кезінде талапқа сай келмейтін материалдар қолданған
Биыл облыста жол-құрылыс материалдарының 3 мыңдай данасынан үлгі алынған
2019 жылы құрылған «Жол активтері сапасының ұлттық орталығына» биыл 5 жыл толып отыр. Бұл кезеңде аталған орталықтың өңір-өңірлердегі филиалдарының қызметкерлері нәтижелі жұмыс істеп, кездескен кедергілерді еңсеруге күш салып келеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мәселен, жамбылдық жолшылар есепті кезеңде тұрақты түрде іссапарға шығып, 500-ге жуық нысанға инспекциялық тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде жол-құрылыс материалдарының 3 мыңдай данасынан үлгі алынып, сынамадан өткізілген. Сәйкесінше, 800-ге тарта жол-құрылыс материалдарының нормативтік талаптарға сай келмейтіндігі анықталған. Сондай-ақ, аталған ведомство ұсынатын қызметтің екінші түрі – жалпы пайдалымдағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге ведомствалық сараптама жүргізу. Жыл басынан 110 келісім-шарт жасалынған. Оның ішінде, 101 жобаға оң нәтиже берілген.
Атап өту керек, жолшылар өткен жылы жергілікті желі бойынша 424 шығу жүзеге асырып, жол-құрылыс материалдарының 1833 үлгісінен сынама алған. Нәтижесінде 855 (47%) сынаманың белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болған. Бұдан бөлек, бас-аяғы 30 бұзушылық анықталып, оның ішінде 10 бұзушылықтың өрескел екені мәлім болды.