«Ұлы дала» шағынауданында тағы бір жайлы мектеп ашылды
Ұлттық жобаның бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы
Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағынауданында 2000 орындық №69 орта мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Білім нысанының салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өскелең ұрпақтың сапалы білім мен тәрбие алуына қолайлы жағдай жасау – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті екенін баса айтты. Аймақ басшысы болашақта аталған оқу ошағынан білімді азаматтардың көптеп шығатынына сенім білдірді.
Ағарту ошағының құрылысын «Отау-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлнәр Мұратбекқызының айтуынша, аталған білім ордасында оқушылар мен педагогтерге барлық жағдай жасалған. Мұндағы бастауыш сыныптар, негізгі және орта мектептер жеке блоктарға бөлініп, әрқайсысы заманауи оқу бөлмелерімен және әмбебап шеберханалармен жабдықталған. Ғимаратта 450 орындық мәжіліс залы мен бас-аяғы 97 оқу кабинеті бар. Бұдан бөлек білім нысанында 4 спортзал мен балалардың шығармашылықпен алаңсыз айналысуы үшін коворкинг орталықтары қамтылған. Сондай-ақ мұндағы 12 кабинет мұғалімдердің емін-еркін жұмыс істеуіне мол мүмкіндік бермек.
Еске салсақ, өткен жылы өңірімізде үш «Жайлы мектеп» ел игілігіне беріліп, Байзақ ауданы Сарыкемер ауылы мен Тараз қаласындағы Бәйтерек және Ұлы Дала ықшамауданындағы бүлдіршіндер жаңа мектепте білім алу мүмкіндігіне ие болды.