Жамбыл жаңалықтар

Мәдени мұра: Ақыртас сарай кешенінде республикалық акция өтті

Мәдени жәдігерлерді қорғау — ұлттық бірегейлікті сақтаудың кепілі.

Жамбыл облысында «Мәдени мұраны бірге сақтайық» атты республикалық акция өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Іс-шара Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық және «Адал азамат» тәрбие бағдарламалары аясында ұйымдастырылды. Акция ЮНЕСКО тізіміне енген бірегей тарихи нысан – Ақыртас сарай кешенінде өтті.

18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай өткізілген бұл шараның негізгі мақсаты – тарихи-мәдени мұраны сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Жиынның ресми бөлімінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары А.Әлі, Қазақстан Азаматтық Альянсының директоры Н.Ералы және «Madeni Mura волонтерлері» клубының үйлестірушісі С.Дильдабекова сөз сөйледі.

Сондай-ақ, тарихи-танымдық іс-шара аясында акцияға қатысушылар үшін кешен аумағына экскурсия жүргізілді, тарихи нысанның айналасын абаттандыру және тазалық жұмыстары атқарылды, мұнымен қоса белсенді жастар мен волонтерлер арасында тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды.