Мәдениет үйі – ел игілігіне
Мәдениет үйі – ел игілігіне
Тәуелсіздік мерекесін жалғызтөбелік тұрғындар да қуанышты сәтпен қарсы алуда. Өйткені, араға көптеген жылдар салып барып, ауылдық округте 90 орындық, заманауи мәдениет үйі ел игілігіне ұсынылды.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ауыл тұрғындарына үлкен тарту болған мәдениет үйінің ашылу салтанатына аудан әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысып, барша ауыл тұрғындарын айтулы қуаныштарымен құттықтады.
«Еліміздегі үлкен мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында ауылымызда үлкен шара өтіп отыр. Биылғы жылы «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Аумақтарды дамыту» бағдарламасы аясында, ауданға 13 миллиард теңге көлемінде қаражат келіп, аудандағы үш елді мекенге мәдениет үйін салсақ, екі елді мекенге спорт кешенін, сегіз елді мекенге ауыз су кіргізіп отырмыз. Барлық салаларда көптеген жұмыстар атқарылды. Тек қана жолды алар болсақ, үстіміздегі жылы 160 шақырымға асфальт төселді. Аудан бойынша 420 шақырымды құрайтын көшелеріміз бар болса, соның 150 шақырымында ғана асфальт бар. Біз тағы 160 шақырымға асфальт салдық. Биыл 187 миллион теңге көлеміндегі қаржыға Жалғызтөбе ауылдық округінде жұмыстар атқарылды. Оның ішінде, ауылға кіре берісте 10 гектар жерге 54 ауыл азаматтарына берілген жер телімдеріне ауыз су мен табиғи газ кіргізілді», - деді.
- Бұл нысан, алдағы уақытта ауыл халқының рухани сұранысын қанағаттандырып, ұлттық өнерімізді ұлықтап және осы ауылдың өнерпаз жастарын жұлдызын жағатын, тек бір ауылдың ғана емес, ауданымыздың рухани өмірін өркендетуге септігі тиетін мәдениет ошағы боларына сенімдімін. Себебі, өнер - кез келген елдің руханияты мен мәдениетінің, дәстүрі мен салтының, ұлттық болмысының өлшемі», - деді Нұржан Молдиярұлы.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары атынан ел ағасы Арыстан Молдашев, мердігер «ҚазМұнайГаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айдар Рахымбердиев құттықтауларын арнады. Лента қию рәсімі орындалып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Келген қонақтар ғимарат ішін аралады. Заманауи талаптарға сай бой көтерген бұл ғимаратта, 90 орындық көрермен залы, кітапхана, үйірме залы, тағы басқа ауыл тұрғындарының мәдени демалысына қажетті мүмкіндіктер қарастырылған. Жалпы сметалық құны 104 миллион 734 мың теңге болатын бұл ғимаратты «ҚазМұнайГаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған. Ғимараттың жалпы ауданы 398 шаршы метрді құрап, қазандық газ жүйесіне қосылған.
Қуанышты сәтте, ел игілігіне берілген ғимаратты аралаған ауыл тұрғындары аталмыш мәдениет ошағының тек жастардың ғана тынығатын орны емес, үлкендердің де бас қосуына лайықты, жалпы ауыл халқының рухани өсу ордасына айналарына сенім білдірісіп жатты.
Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ