Жамбыл жаңалықтар

М.Х.Дулатидың туғанына 525 жыл толуына орай ауқымды конференция өтті

Іс-шараға ғалымдар мен жастар қатысты

М.Х.Дулатидың туғанына 525 жыл толуына орай «М.Х.Дулати мұрасы: тарих пен тағылым» атты оқу конференциясы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Тифло музей» жобасы аясында М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің музейінде іс-шара ұйымдастырды. Нақты айтқанда, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған тифломузей бұрышының ашылу салтанатты өтті. Сонымен қатар М.Х.Дулатидың туғанына 525 жыл толуына орай «М.Х.Дулати мұрасы: тарих пен тағылым» оқу конференциясы көрініс тапы.

Жиын барысында филология ғылымының докторы, профессор М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Дулати тану және өңір тарихы» ғылыми зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Сәмен Құлбарақ, филология ғылымдарының кандидаты, осы оқу орнының «Журналистика және филология» кафедрасының доценті Темірбай Мұқашев, журналистер одағының мүшесі, «Журналистика және филология» кафедрасының аға оқытушысы Бақытжан Махашұлы сөз алып, өздерінің ой толғамдарын жеткізді.

– Сан жылдар бойы ішіне сыр бүккен тарихи оқиғадан сыр шертер жәдігерлердің мұндағы әрқайсысы естелікке толы, айтары бар. Тифло музейдің залында 5-6 ғасырдан бастап қолданысқа енген жәдігерлермен қатар студенттердің дипломдық жұмыстары қойылған. Сол жұмыстарға QR rод енгізу арқылы зағип жандар сезініп, әр тарихи жәдігердің естелігін түсініп, дауыс арқылы ести алады. Этнографиялық залда 2000-ға жуық дүние бар. М.Х.Дулатидің туғанына 500 жыл толғанда зиратының басына 12 адамнан құралған делегат барып, құран бағыштап, жамбасы тиген жерден топырақ алып келген болатын. Музейдегі ең басты жәдігер – сол баба басынан алынған топырақ. Одан бөлек шашбау, күміс білезіктер, тұмарша, бәйбішенің алқасы, сақиналар, ресейдің заим ақшалары, тиындар, шақша бар. Бүгін міне, осындай құнды дүниемен танысуға зағип жандарға зор мүмкіндік туып отырғаны көңіл қуантады, – деді музей меңгерушісі Ақсәуле Қалабаева.

Мұнда «Қазақ тарихының атасы М.Х.Дулати», «М.Х.Дулатидың Тарих – и – Рашиді еңбегіндегі жер-су атауларының көрінісі», «Мұхаммед Хайдар жамбасы тиген жерден Дулатидың «Тарих – и – Рашиди» шығармасында кездескен салт-дәстүрлер» тақырыбында баяндамалар оқылып, тарихи мұраларды зерттеу арқылы орта ғасыр тарихы бойынша қазақ халқының өсу тарихы мен мәдениеті кеңінен сөз болды.

– Конференция барысында ақын, қолбасшы Дулати өмірі мен тағылымды мұралары жайлы көп нәрсе естіп, білдік. Сонымен қатар көзі әлсіз көретін жандарға арналған музейдің зағип жандарға берері мол екені анық. Бұл әрбіріміздің бірдей білім алып, сауат ашуға жасалған мол мүмкіндік деп ойлаймын. Алдағы уақытта зағип адамдар осы музей жәдігерлерін код арқылы ұғып, түсіне алатыны олардың да көп дүниені сезінуіне жол ашады. Осындай дүниелер көптеп алға қойылса, нұр үстіне нұр болар еді. Мен алдағы уақытта бұл жәдігерлерді көруге әжемді алып келемін. Себебі әжемнің көзі нашар көреді, – дейді университет студенті Ақмарал Маратқызы.

Осы жиын барысында рухани мұраны ұлықтауға арналған игі бастамалар мен ілкімді істерге жол ашылды.